Астанада балалар үйірмесін бір платформа арқылы таңдауға болады

Оқу жылы аяқталған соң көптеген ата-ананы бір сұрақ мазалайды. Баланың жазғы демалысын қалай тиімді ұйымдастыруға болады? Бірі лагерге жіберсе, енді бірі ауылға аттандырады. Ал Астанада балаларға арналған үйірмелер мен спорт секцияларын бір платформа арқылы таңдауға мүмкіндік бар. Ваучер алған ата-ана баласын жыл бойы түрлі бағыттағы үйірмеге бере алады. Осындай платформамен жұмыс істейтін спорт орталықтарының біріне біз де барып қайттық.
Вероника Богданова каратэмен 6 жасынан бері айналысады. Айтуынша, алғашқы жаттығудан-ақ бұл спорт түріне қызығушылығы оянған. Қазір ол – халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы. Алдағы әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Болашақта өзін жаттықтырушы ретінде көргісі келеді. Вероникаға қарап, сіңлісі де осы жолды таңдаған.

ВЕРОНИКА БОГДАНОВА, СПОРТШЫ:
— Каратэ оңай спорт емес. Бірақ маған қатты ұнайды. Қазір бұл менің өмірлік жолыма айналды. Қазақстан чемпионаттарына, халықаралық турнирлерге қатыстым. Енді әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз.

ЖАННА БОГДАНОВА, СПОРТШЫ:
— Әпкем жаттығудан келіп, түрлі әдіс көрсететін. Мен де қызығып, жаттығуға бара бастадым. Кейін маған ұнап, осы спортпен айналысуды жалғастырдым.

Мұнда апалы-сіңілі каратистер аз емес. Жасы не бәрі 7-дегі Айлина мен сіңлісі Сафия 4 жасынан бастап, осы бағытты таңдаған. Бүгін ол қоржынын тағы бір кубокпен толтырды.

АЙЛИНА МУРАТОВА, СПОРТШЫ:
— Бұл – менің кезекті бірінші орын алған кубогым.

Ал бұл – тхэквандо секциясындағы жас спортшылар. Олардың көбі болашақта чемпион болуды армандайды. Солардың бірі – Ислам Аманбаев. Ол бұл спорт түріне бір жаттығудан кейін-ақ қызығушылығы артқанын айтады.

ИСЛАМ АМАНБАЕВ, СПОРТШЫ:
— Мен 6 жасымнан тхэквандомен айналысамын. Қызыл белбеуім бар. Мақсатым – КМС алып, үлкен жарыстарды, Әлем кубогы, Еуропа кубогын жеңіп алу.
Орталықта дзюдо бағыты да қарқынды дамып келеді. Жаттықтырушылардың айтуынша, Елдос Сметовтің жеңісінене кейін бұл спортқа қызығатын бала көбейген. Ата-аналар да дзюдоны тәртіпке, шыдамдылыққа және сыйластыққа баулитын спорт ретінде таңдайды.

БАҚТИЯР АСЫЛХАН, ДЗЮДОДАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Елдос Сметовтің Олимпиададағы жеңісінен кейін ата-аналар балаларының дзюдодан үлкен жетістікке жететініне сеніп жатыр. Дзюдода артық ұру, тебу жоқ. Балалар көп соққы алмайды, сол себепті ата-аналар дзюдоны таңдайды.

Спорт орталығының басшылығы мұндай бағдарламалар ата-аналар үшін де, балалар үшін де тиімді екенін айтады. Өйткені спорт баланың тәртібін қалыптастырып қана қоймай, өзіне деген сенімін арттырады.

ИОАННА БЕЛЫХ, СПОРТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Спорт балаға тәртіпті, өзіне деген сенімді және үлкендерге құрметті үйретеді. Сонымен қатар энергиясын дұрыс бағытқа жұмсауға көмектеседі.
Қазір жазғы маусым басталысымен жарыс та көбейген. Сондықтан жас спортшылар түрлі турнирге дайындықты күшейтті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал