Өзбекстандағы Наманган облысының халқы гүл өсіруді табысты кәсіпке айналдырған. Мұнда тіпті гүл кластері құрылып, ондаған мың тұрғын осы істен нәпақа тауып отыр. Халықты жұмыспен қамту жобасы аясында, гүл өсірудің қыр-сырын үйрететін курстар ашылды. Жалпы, Наманган халқының өмірі де, тұрмыс-тіршілігі де алуан түрлі әсем гүлдермен біте қайнасып кеткен. Мұндағы тұрғындардың дені гүл шаруашылығында қарапайым жұмысшы, гүл сатушы, және өнімді жеткізуші болып жұмыс істейді. Бұл аймақта гүл бизнесі жыл он екі ай дамылсыз жүріп тұрады. Өнімге сұраныс қашанда бар.
ОЙБЕК НУРИДДИНОВ, ГҮЛ КЛАСТЕРІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
– Біз тұрған Наурыз мәхалласының өзінде 500-ден астам гүл өсіруші бар. Титімдей дәннен көшет өндіріп, оны әсем гүлге айналдырып, сатамыз. Өнімді ішкі нарықтан бөлек көршілес Қазақстан, қырғыз елі мен Тәжікстанға экспорттаймыз.
Өткен жылы көрші елде гүл экспортынан түскен табыс 3 миллион долларға жуықтаған. Ал биыл Наманган аймағы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Бір айда шаһар көшелері мен саябақтарға 150 млн түп гүл егіліп, рекордты деңгейге жетті. Ал арнайы сертификат Наманган қаласында өткен дәстүрлі халықаралық гүлдер фестивалі кезінде салтанатты түрде табысталды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.