Әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдегендердің айласы әшкере болды. Еліміздің 13 өңірінде ондаған ұйым қызметкерлерді тек «қағаз жүзінде» жалған жұмысқа орналастырумен айналысып келген. Дәл осы жалған схемалар арқылы төрт жарым мыңға жуық азамат мемлекетке алақан жайып, заңсыз әлеуметтік төлемдер алуға әрекеттенген. Сала мамандарының дерегінше, қазірдің өзінде 38 қылмыстық іс қозғалған. Тексеру барысында 258 кәсіпкердің жалған еңбек қатынасын рәсімдегені анықталған. Қазірдің өзінде Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында 9 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. 12 адам кінәлі деп танылып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
МАРАТ ЖАНЫБЕКОВ, «МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру әртүрлі ақпараттық жүйелердегі деректерді нақты уақыт режимінде өзара салыстыруға мүмкіндік береді. Басты мақсаты – әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету және жүйедегі адал қатысушылардың мүддесін қорғау. Табысты жасанды түрде көбейту немесе жалған жұмыспен қамту әрекеттерінің барлығы талдау кезеңінде анықталып, тиісті құқықтық баға беріледі.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.