31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1921-1954 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілді. Шымкент қаласында құрбандарды ату рәсімін өткізген орынға қазір «Қасірет» мемориалы орнатылған.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Шымкент қаласы бір кездері Оңтүстік өңірдегі жазалау орталығының бірі болған. Дәл осы жерде кеңес өкіметіне қарсы шыққандар тергеліп, айыпталып, сотсыз атылған. Сол зұлмат кезеңнің үнсіз куәсі – бүгінгі «Қасірет» мемориалы. Қазір бұл орын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тағзым ететін қасиетті мекенге айналды.
Тарихшы Гүлнар Жанысбекованың саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы зерттеу жұмыстарымен айналысып жүргеніне бес жылдан асты. Репрессия құрбандарының ұрпақтарынан түрлі жантүршігерлік естелікті білген. Ауыл шетіндегі шатқалдың қалай ату алаңына айналғанын да анықтапты.
ГҮЛНАР ЖАНЫСБЕКОВА, ТАРИХШЫ:
— Күндіз алып келе алмайды, кешке қарай автозак секілді қара машинаға салып әкелген. Қазіргі Қайтпас ауылының тұрғындарының барлығы үрейі ұшып, үндемей, балаларын үйге кіргізіп, ешнәрсе естіртпей, көрсетпей отырады екен. Сол жерде тарс-тұрс атылған мылтықтың даусы, айқай-шу естіледі. Бұлардың барлығынан қорыққан зәрезап халық үндемей, балаларын бұл жаққа жібермей, үрейлі қалыпта өмір сүрген.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Бұл сол жылдардағы ескі құдықтың орны атылған азаматтардың мәйіттері осы жерге тасталған деген дерек бар. Ел аузындағы естелікке сүйенсек, революцияға дейін бұл жер ауқатты адамның жайылымы болған. Түнде жыртқыштар малға шаппас үшін мұнда үлкен шұңқырлар қазылып, мал сол жерге қамалған. Ал сай ішіндегі, Бадам өзенінің ескі арнасындағы құдықтан су шығарылып, мал суарған екен. Кейін дәл осы шұңқырлар мен құдық маңы атылған азаматтардың мәйіттерін жасырын тастап, көмуге ыңғайлы орынға айналған.
ГҮЛНАР ЖАНЫСБЕКОВА, ТАРИХШЫ:
— Ернеуіне дейін қан толып тұрады екен. Сосын келесі келгендерді де атқаннан кейін соның ішіне салып, тастай беріпті. Үстіндегі киімдерінің бәрін шешіп, 2-3 киіз үйдің аумағындай үлкен жерге үйіп, сол жерге қалдырып кетеді екен.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Мемориалда екі темір тордың ішіне мәрмәр кесектер қойылған, қабырғадағы тордың артында жылап жатқан көз бейнеленген. Түрме бейнесіндегі бұл композиция саяси қуғын-сүргін жылдарындағы жазықсыз сотталған азаматтардың тағдырын бейнелейді.
Қасіретті орында «Аналарға тағзым» ретінде ана мен бала мүсіні де қойылған. Бұл мүсін жақынын сағынған ана мен әкесін аңсаған баланы, яғни сағынышты бейнелейді.
ГҮЛНАР ЖАНЫСБЕКОВА, ТАРИХШЫ:
— Асыраушысынан айырылған, өзі колхоз жұмысына жегілген аналардың күні қандай болды? АЛЖИР-ге апарып қамаған кезеңде тіпті емшектегі баласынан ажыратылған аналар да зар еңіреп қалды. Сонда отбасы мүшелері де қуғын-сүргінге түсті.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Бұрын бұл жер «Түлкілі сай» деп аталған, өйткені маңайында түлкілер көп мекендеген. Қайта құру жылдарындағы қазба жұмыстары кезінде мыңдаған адамның сүйегі табылып, кейін қайта жерленді. Осы жерлеу орнында «Қасірет» мемориалдық кешені салынды. Мемориал маңында жазықсыз жапа шеккен екі мыңнан астам азаматтың сүйегі жатыр. Тарихтың ауыр беттерін еске салатын бұл жер өткеннің қасіретін ұмытпауға үндейді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарында оңтүстік өңірдің 7500-ден астам азаматы болған. Кейінгі ұрпақ олардың есімін ұмытпау үшін Шымкентте республикадағы алғашқы музей ашылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қорында бүгінде 16 мыңнан астам жәдігер жинақталған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.