Алматыда волонтер болуға ниетті оқушы көбейді

Алматыда өз ынтасымен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын еріктілердің саны артуда. Ол үшін адамның жасы маңызды емес. Тек жүрек жылуымен қамқорлығы болса жеткілікті. Мұндай қасиеттер әсіресе оқушылардың бойынан табылғаны қуантады. Олар көппен бірген қарттарға көмектесіп, тіпті жоғалған жандарды іздеуде қолқабыс етуде.
Алматылық Глеб есімді оқушы өрт сөндіру-құтқару спортымен айналысады. Болашақта мамандығын осы саламен байланыстырмақ ниетте. Ал бос уақытында жасөсіпірімдермен бірге ерікті ретінде елдік іске екпін беріп, қоғамға пайдалы шаруамен шұғылданады.

ГЛЕБ ПРОССОВ-АРЕСТОВ, ВОЛОНТЁР:
— Кішкентай кезімнен ерікті болып жүрмін. Себебі айналама көмектесіп, жақсылық жасағанды ұнатамын. Болашақта адамдарды құтқарғым келеді. Сондықтан осы бастан дайындықтан өтіп жүрмін.

Кәмелетке толмағандарды іздестіру жұмысына қатыстырмайды. Себебі бұл қауіпті. Дегенмен жасөспірімдер ақпараттық қолдау көрсетіп, жоғалған адам жайлы түрлі ақпар таратады. Айта кету керек, Глебтің әпкесі – құтқарушы. Мектеп бітірген соң, ол осы жолды таңдамақ.

ГЛЕБ ПРОССОВ-АРЕСТОВ, ВОЛОНТЁР:
— 18-ге толған соң адамдарға көмектесемін. Есік, Талдықорған және басқа да қалаларға барып, осындай іздеу жұмыстарына қатыссам деймін. Бала кезімнен өрт сөндіру-қолданбалы спортымен және жеңіл атлетикамен айналысамын. Болашақта әпкемнің жолын қуамын деп бел будым.

17 жастағы Ангелина да – құтқарушы болып, ел алғысын арқалауды мақсат етуде. Ол – бес жылдан бері жастар іздестіру-қозғалысының мүшесі. Айтуынша, осы ортада жүріп адамдармен тез тіл табысуды үйренген.

АНГЕЛИНА АНДРЕЕВА, ВОЛОНТЁР:
— Қоғамға пайдалы іспен айналысқым келді. Сондықтан осы ұйымға қосылдым. Бастысы өзіме ұнайды. Әрі қазір достарымкөп.

Бүгінде жастар қанатының қырыққа жуық мүшесі бар. Айта кету керек, олардың қатарында оқушылар көп.

АННА ЛОБАНОВА, ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
— Бұл балалардың бойында жауапкершілік қалыптасқан. Волонтёр болып жүргендерге қосымша мүмкіндіктер де қарастырылған. Яғни оқу орнына түсерде қосымша балл беріледі. Әрі олар кәмілетке толмаса да ТЖД мен ІІМ -нің қолдауымен ұйымдастырылатын оқу-жаттығуларға қатыса алады.

Ерікті болу – ермек емес, ерең еңбек. Сондықтан бұл кейіпкерлеріміз қазірдің өзінде мұны жақсы түсінеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал