Астанада шахматтан корпорациялар арасындағы әлем чемпионатына жолдама сарапқа салынды. Бұл – елдегі корпоративтік командалар арасындағы ең ірі шахмат турнирлерінің бірі. Жарысты Қазақстан шахмат федерациясы, Freedom Holding Corp. компаниясы ұйымдастырды. Зияткерлік доданың іріктеу турниріне 23 команда өтінім берген. Олардың арасында мұнай-газ, медиа, телекоммуникация және қаржы саласының жетекші компаниялары бар. Турнир командалық форматта, швейцариялық жүйе бойынша өткізілді. Шахматшылар рапид тәртібінде бақ сынады. Әр партияға 10 минут уақыт беріліп, әр жүріске қосымша 3 секунд қосылып отырды. Биыл үшінші рет өткізілген зияткерлік жарысқа қомақты жүлде қоры да қарастырылған. Жеңімпаз команда 1 миллион теңге иеленсе, екінші орынға 650 мың, үшінші орынға 350 мың теңге табысталады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, шахмат турниріне деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бүгінде қазақстандық жас шахматшылар халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды еншілеп, еліміздің даңқын асырып жүр.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Міндетті түрде команданың мүшесі кем дегенде 6 ай осы компанияда жұмыс істеу керек. Сондықтан да біз олардың анықтамаларын тексереміз, бұл жерде гройсмейстерлер жоқ, тек әуесқойларға арналған турнир. Біздің басты демеушіміз – Freedom Holding Corp. компаниясы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.