Ақорданың есігі әдеттегідей әлем лидерлеріне емес, еліміздің ең үздік оқушыларына айқара ашылды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстанның әр өңірінен келген 100 жеткіншек Президент резиденциясында қонақ болды.
Өңірлерден ат арылтып Астанаға, Ақордаға келіп тұрған бұл балалар – пән олимпиадаларында топ жарған, шығармашылық пен спортта биік белесті бағындырған дарынды жеткіншектер. Балаларға алдымен Ақорданың тарихы мен сәулеттік ерекшелігі туралы қызықты дерек айтылды.
Содан кейін кішкентай қонақтар әдетте маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданатын залдарды аралады. Тіпті Президент сияқты құжат алмасты, суретке түсті.
БЕКАРЫС БАҚТЫБАЕВ, ОҚУШЫ:
— Орал қаласынан ұшақпен келдім. Ақордаға бірінші рет келіп жатырмын. Ұнады. Өте үлкен, әдемі жер.
Балалар резиденция аумағындағы қысқы бақты да тамашалап, ел тарихы мен Тәуелсіздік құндылықтары жайында тың мәлімет алды. Мемлекет басшысының кітапханасымен танысты. Көпшілік үшін қолжетімсіз ғимаратты өз көзімен көрген оқушылар әсерін жасырмады.
ӘМІРЛАН ҚАЙРАТ, ОҚУШЫ:
— Мен Абай облысы Жарма ауданы Шар қаласынан келіп тұрмын. Ақордаға кірген кезімде өзімді Президент ретінде сезіндім. Ақордаға келесің деген кезде Семей қаласына барып, осы костюмді сатып алдым. Бұл костюм өте қымбат тұрады.
ҰЛАН МАХАМБЕТ, ОҚУШЫ:
— Ммен Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы, №6 мектеп-гимназияның оқушысы Махамбет Ұланмын. Біз бүгін Ақордаға кірдік. Ақорданың іші өмірде көргенге жетпейді екен. Теледидардан көргеннен гөрі Ақорданы көзбен көрген өте керемет және әдемі. Бізге үлкен бақыт сыйлады. Балалардың арманы – осында келу. Біздің де арманымыз орындалып, бақытты күйге бөленіп тұрмын.
СҰЛТАН ҚАРАҒҰЛ, ОҚУШЫ:
— Менің атым – Қарағұл Сұлтан. Ақтөбе қаласынан келіп тұрмын. «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкіртімін. Осы биылғы наурыз айының 16-17 күндері аралығында біз «Ер Едіге» жыр мектебімен әлемдік рекорд кітабына кірдік. Ақордаға кіру – менің бала кездегі армандарымның бірі. Ақорданың алдында тұрып сіздерге бір күй тартып берейін.
Есте қаларлық саяхат соңында жеткіншектерге Президент атынан арнайы сыйлық табысталды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.