Ақтөбеде әрқайсысының бойында өнер тұнған ерекше отбасы тұрады. Ерлі-зайыпты Жетесовтар қазір 28 бала тәрбиелеп отыр. Оның төртеуі – өз балалары, қалғандарын қамқорлықтарына алған. Алайда үлкен шаңырақта ешқашан балаларды бөліп-жармай, тату-тәтті әрі шығармашыл етіп тәрбиелеуде. Олар құрған «Шашу» отбасылық ансамблі Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де көрермен ықыласына бөленіп жүр. Түсірілім тобы Жетесовтердың шығармашылық өмірімен танысып қайтты.
«Шашу» отбасылық ансамблі Амангүл мен Өмірхан Жетесовтердің бастамасымен құрылған. Өздері кәсіби музыкант болғандықтан, олар отбасының барлық мүшесін өнерге баулуға тырысқан. Көпбалалы әкенің айтуынша, домбыра, қобыз, жетіген секілді ұлттық аспаптың үні арқылы балалардың жүрегіне мейірім, сүйіспеншілік пен түсіністік ұялатуға болады.
Жетесовтер отбасында 28 бала мен 11 немере бар. Үлкен төрт баласы өз алдына отау құрған. Қалғандары мектепте, колледж мен жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жақында жазғы демалысқа Астанадан Көркемай мен Жұлдызай келді. Отбасында әртүрлі этнос өкілдері тәрбиеленгенімен, бәрі өздерін қазақ ұлтының өкілі санайды.
КӨРКЕМАЙ ЖЕТЕСОВА, «ШАШУ» ОТБАСЫЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:
— Шертерде ойнаймын. Бағытты анам берді. Сол мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Өзіме ұнайды. Қазіргі уақытта «Шашу» отбасылық ансамблінің мүшесімін. Отбасылық ансамбль болғаннан кейін бәріміз бір-бірімізді түсінеміз. Мысалы, үлкеніміз кішімізді тыңдап отырамыз.
Жетесовтер Қазақстандағы түрлі мәдени шараға тұрақты түрде қатысады. Олар Астанаға сапармен келген Рим Папасының алдында өнер көрсеткен. Сонымен қатар өткен жылдың соңында Мәскеуде өткен «Талантты балаларға» халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Аталған конкурсқа 18 мыңнан астам бала қатысқан. Алдағы уақытта Жетесовтер Ақтөбеде өздерінің өнер мектебін ашуды жоспарлап отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.