Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына бүгін негізгі сот отырысы басталды. Еске салайық, айыпталушы -– Zeekr спорткөлігінің жүргізушісі. Ол өз кінәсін толық мойындап, тағылған барлық айыппен келісетінін және жасаған ісіне өкінетінін мәлімдеді. Жол апатына кінәлі деп танылған жүргізушінің бас бостандығынан айыру жазасынан құтылып кету мүмкін бе?
Алдын ала тыңдаудың өзінде-ақ айыпталушы кінәсін мойындап, алқабилер сотынан бас тартқан және қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұраған еді. Бүгін ол бұл ұстанымын тағы да растады. Айыпталушы өзіне тағылған барлық айыппен келісетінін мәлімдеді. Десе де, бүгін айыпталушы сот залына келген жоқ, оған сот отырысына онлайн режимде қатысуға рұқсат берілген. Сотта қаза тапқандардың туыстары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тілдесуден бас тартты. Сот барысында алапат жол апатынан көз жұмған екі адамның туыстары айыпталушыға ешқандай талап-арызы жоқ екенін жеткізді.
ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АУДАРМАШЫСЫ:
— Біз, яғни марқұмдардың жақын туыстары, сотталушымен татуластық. Ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шынайы өкінетінін білдірді және бізден кешірім сұрады. Сондай-ақ келтірілген материалдық шығынды да, моральдық зиянды да толық көлемде өтеді. Мұны біз, марқұмдардың туыстары, растаймыз. Осыған байланысты менің де, басқа туыстардың да қандай да бір материалдық немесе моральдық талап-арызымыз жоқ. Болашақта да мұндай талап қоймайтынымызды мәлімдейміз. Татуласу ешқандай қысымсыз, өз еркімізбен жүзеге асты. Оның құқықтық салдары бізге толық түсіндірілді және біз бұл шешімді саналы түрде қабылдадық. Сондықтан соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраймыз. Сондай-ақ оған шартты жаза қолдану жеткілікті болады деп есептейміз.
Еске салайық, наурыз айының соңында Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатынан бір жігіт пен екі қыз қаза тапқан еді. Тергеу дерегінше, айыпталушы басқарған Zeekr автокөлігі сағатына 215 шақырым жылдамдықпен келе жатып, Mercedes көлігіне соғылған. Жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов барлық жәбірленуші кешірген жағдайда сотталушының түрме жазасынан құтылу мүмкіндігі бар-жоғын түсіндірді.
ОЛЕГ ЧЕРНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ:
— Бүгін жәбірленуші тараптың ұстанымын естідік. Бұл – олардың заңмен берілген құқығы. Оған қатысты пікір білдірудің қажеті жоқ. Мұндай санаттағы істерде айыпталушылардың жәбірленушілермен татуласуы жиі кездеседі. Алайда бұл бап бойынша балама жаза қарастырылмаған. Яғни заңда тек 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Тек ерекше жағдайларда ғана сот ең төменгі шектен де жеңіл жаза тағайындауы мүмкін, яғни бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолданылуы ықтимал. Дегенмен нақты осы іс бойынша мұндай шешім қабылданады деп ойламаймын. Әрине, бұл – менің жеке пікірім.
Келесі сот отырысы бір аптадан кейін өтеді. Алдымен сотта жол апатынан қаза тапқан тағы бір жәбірленушінің туысы сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Бұдан кейін куәгерлердің және айыпталушының пікірі тыңдалмақ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.