Жаһан жаңалықтары: Түркиядағы ірі жол апаты, Мьянмадағы жойқын жарылыс

Түркияда ірі жол апаты тіркелді. Ал Мьянмада оқыс оқиға болып, 40-тан аса адам қаза тапты. Таяу шығыстағы ахуал да әлі күрделі.
Түркияның оңтүстік-батысында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Соның салдарынан сегіз адам қаза тапты. Арасында бала да бар. Тағы 33 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус Измирден Антальяға бағыт алған. Апат Денизли-Айдын тас жолында болған. Көлік жоғары жылдамдықпен жол қоршауына соғылып, артынша өртенген.
Мьянманың Шан штатында жарылғыш заттар сақталған қоймада жойқын жарылыс болды. Одан 40-тан аса адам қаза тапты. Тағы 70-тен астамы жарақат алған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, маңайдағы бірнеше тұрғын үй қираған. Алдын ала мәлімет бойынша, қоймада тау-кен өндірісінде пайдаланылатын жарылғыш зат сақталған. Өңір рубин кеніштерімен танымал. Қазір оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Билік жарылыстың себептерін анықтау үшін тергеу бастады.

АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келісімге қатысты келіссөз жалғасып жатыр. Осы арада АҚШ әскері Иранның радар жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді. Дональд Трамп ұсынылған келісімде Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейтіні нақты көрсетілгенін айтты. Сонымен қатар Иранның Tasnim агенттігі Тегеран келісім жобасына әлі де өзгерістер енгізетінін хабарлады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал