Шымкентте 11 жастағы жеткіншекті жүк көлігі басып өтті

Шымкентте 11 жастағы жеткіншекті ауыр жүк көлігі басып өтті. Қайғыдан қан жұтқан отбасы баласын жер қойнына тапсырды. Көшеде қоқыс жинап жүрген алып техника жүргізушісі қамалды. Кім кінәлі?
Жақындары Нұрасыл Әбдірахманды ақтық сапарға шығарып салды. Дүкенге балмұздақ алуға шыққан 11 жастағы бала қарындастарымен бірге жолдың арғы бетіне өтпек болған. Жаяу жүргінші өткелінде оны әкімдікке тиесілі ауыр жүк көлігі басып кеткен.

ҚАЙРАТ ТАСҚҰЛОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
— Жаяу жүргінші жолында келе жатқан бала ғой. Жүргізуші жазасын алсын! Жолға қарамай ма?!
Нұрасыл – алты балалы отбасының перзенті. Биыл 5-сыныпты озат аяқтаған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлінің заң алдында жауап беруін сұрайды. Ал полиция коммуналдық техниканы басқарған жүргізуші қамалды. Қазір жантүршігерлік оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр».

Мұндай жағдай Астана қаласында да қайталанды. Елордада тағы бір жасөспірім велосипедпен жолды кесіп өтпек болған кезде жүк көлігі қағып өткен. Алдын ала мәліметке сенсек, КамАЗ жүргізушісі бұрылған сәтте велосипедпен жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жасөспірімді байқамаған. Жасөспірім түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Еске салайық, 26 мамырда Астанада жүк көлігі қағып кеткен бала оқиға орнында қаза тапқан еді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал