«Қазмырыш» зауыты мен Kaz Minerals кенішіндегі адам өліміне әкелген екі ірі апатты тергеу әлі аяқталған жоқ. Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі екі жарылыстың алдын ала себебін атады. Шыңғыс Әріновтің айтуынша, біріне өндірісті ұйымдастырудағы кемшілік, ал екінші апатқа технологиялық тәртіптің сақталмауы түрткі болған деген болжам бар.
Өскемендегі мырыш зауытында үш адамның өмірін жалмаған апат әлі тергеліп жатыр. Кәсіпорында 5 мамыр күні таңертең түтін соратын құрылғы іске қосылған кезде жарылыс болып, ғимараттың бір бөлігі қирап қалған. Kaz Minerals компаниясының Артемьев шахтасында 30 мамырда болған апаттан бір жұмысшы қайтыс болды. Екі оқиғаға не себеп болуы мүмкін екенін Төтенше жағдайлар министрі айтты.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
— Алдын ала болжам бойынша «Востокцветмет» шахтасында орын алған аварияға тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттама талаптарын бұзып жүргізу және жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған. Қазцинк зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан орын алды деген болжам бар.
«Өндіріс орындарында қауіпсіздік талабы бұған дейін де өрескел бұзылған», — деді Шыңғыс Әрінов. Кәсіпорындардың техникалық құжаты талапқа сай емес. Өндірістік бақылау әлсіз. Ал тозған құрылғылар уақытылы ауыстырылмайды. «Қазмырыш» компаниялар тобының бас директоры Жанат Жанботин қайғылы оқиғадан соң, зауытта процестердің қауіпсіздігіне ерекше бақылау енгізілгенін айтты. «Жыл сайын өндірістік қауіпсіздікке 27 млрд теңге бөлеміз, соның арқасында соңғы бес жылда зауытта жарақат алу көрсеткіші 34 пайызға төмендеді» деген «Қазмырыш» басшысының сөзіне Үкімет басшысы илана қойған жоқ.
Олжас Бектенов өндірістегі өлім-жітім мен жарақатты азайтудың жаңа амалын ұсынды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етуі тиіс.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Ал 1 шілдеден бастап өндірістегі қауіпсіздікті қадағалайтын инспекторлардың жалақысына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы қосылады. Бұл қадам кадр тапшылығын азайтып, саладағы бақылау сапасын арттыруға септік етуі керек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.