СҚО-да Ольшанка елді мекенінің тұрғындары жолды өздері жөндеуге кірісті

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындары ойдым-ойдым жолды өздері жөндей бастады. Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка елді мекеніне апаратын тасжолдың тегістелмегеніне 40 жыл. Жедел жәрдем мен қоғамдық көлік қатынасы қиындаған.
Ольшанка – облыс орталығынан 25 шақырымдай ғана жерде орналасқан, 50-ден астам түтіні бар ауыл. Қала іргесінде тұрса да, елді мекенге апарар жолдың сапасы сын көтермейді. Халықтың айтуынша, оның жөндеу көрмегеніне 40 жыл болған.

СВЕТЛАНА ФОМКИНА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Ауылда жұмыс болмаған соң, халық күнде қалаға қатынайды. Ал автобустың келіп-кетуі қиын. Себебі жол жоқ. Ауданда бірнеше әкім ауысты. Бәрі жылда істейміз деп бос уәдемен қайтарады.

Тоз-тозы шыққан тас жолдың ауыртпалығын күнде көріп жүрген ауыл тұрғындары мұң-зарын кімге айтарын білмей дал. Себебі уәдені үйіп төгетін әкім-қараларға сенуден қалған. Жолдың жоқтығынан халық өркениет игілігінен қағылып отыр.

ЛЮБОВЬ БЛОХИНА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Өткенде қан қысымым көтеріліп, қатты ауырып қалдым. Бірден жедел-жәрдем шақырттым. Бірақ дәрігерлер келмеді.
МАРИЯ КЛОЧКОВА, ОЛЬШАНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көлігіміз жиі істен шығады. Жақында ғана танысыма 40 мың теңге беріп жөндеткен едім, Алайда қайтадан қирап қалды. Ал қажет қосалқы бөлшектері өте қымбат.

Айта -айта жауыр болған мәселенің шешілер түрі жоқ. Амалы таусылған бұқара жолды өздері жамай бастаған.

АНАТОЛИЙ ДРАНКО, ОЛЬШАНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Амалымыз таусылған соң, ауыл болып өзіміз біріктік. 4 бригада жасақталды. Өз күшімізбен 3 шақырымдай жолды тегістедік. Материал таусылған соң, шұңқырларды топырақпен бітедік.

Әкімдік өкілдері проблемадан хабардар. «Жұмысты бастауға қаржы қолбайлау», — дейді олар.

БАХЫТЖАН ТАШЕВА, АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:
— «Якорь – Ольшанка» бағытындағы 9 шақырымдық жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалған. 2023 жылы жоба құны 573 миллион теңгені құрады. Алайда бюджетте ақша болмаған соң, шаруа басталмады. Енді тағы өтінім беріп көреміз.

Иә, жол азабы жұртқа таныс, Ал жөнделер күні әзірге алыс болып тұр. Жалпы биыл өңірде 700 шақырымнан астам жол тегістеледі. Оның дені – республикалық маңызы бар трасса.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал