Кірпіш цехында жұмыс істеген семейлік студент оң қолынан айырылды

Семейде қосымша табыс табамын деген студент өндірісте ауыр жарақат алып, бір қолынан айрылды. 22 жастағы 4-курс студенті құрылыс материалын шығаратын цехқа уақытша жұмысқа орналасқан екен. Жұмыста қолы кірпіш құятын құрылғыға қысылып қалған. Өкінішке қарай, жұмыс істеп тұрған механизмге түсіп, ауыр жарақат алған жігітті жұмысшылар ес-түссіз күйінде дереу ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер бірнеше сағатқа созылған ота жасағанымен, оның оң қолын сақтап қалу мүмкін болмаған. Жарақат салдарынан қолы білектен төмен ампутацияланған. Қазір студент ұзақ мерзімді ем қабылдап жатыр. Енді туыстары жан-жақты тексеру жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Нұрасыл табыс тауып, оқу ақысын өзі төлеуді көздеген. Бірақ жұмыс берушімен ешқандай келісімшарт жасаспаған.
НҰРАСЫЛ ЖАҢАБАЕВ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— Цементті көтеріп, аппараттың үстінде тұрғам. Цементті салған кезде аяғым тайып, ішіне қолым кіріп кетті. Өзім жұлып алдым. Бір талып қаламын. Қарасам ішіне кіріп бара жатырмын. Көзімді ашып, артқа қарай құладым.

ТЕМІРЛАН ӘМІРТАЕВ, ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Департаменттің тарапынан аталмыш жазатайым оқиға бойынша бұйрық шығып, тергеп-тексеру басталғанын хабарлаймыз. Он жұмыс күнінде құрылған комиссия тергеп-тексеру жасап, тиісті шаралар қолданады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал