Жетісу облысындағы Талдықорған және Үшарал әуежайлары енді жеке инвестордың басқаруына өтпек. Себебі қос нысанның кірісінен гөрі шығысы көбейген. Былтырғы табысы небәрі 101 миллион теңгені құраған «Жетісу» әуекомпаниянысының шығыны 800 миллионға жуықтаған. Ал әуежай жеке басқаруға беріледі дегенді естіген жұрт енді билет бағасы қымбаттай ма деп алаңдаулы.
«Әуежайды жеке қолға беру мен оны сатудың арасында еш айырмашылық жоқ», — дейді тұрғындар. Қазір қала жұртын тұрақты рейстердің тағдыры мен билет бағасының өзгеруі алаңдатады. Енді ұшу құны қымбаттай ма деп қорқады.
«Жетісу» әуекомпаниясының қазіргі қаржылық жағдайы мәз емес. Былтырдың өзі 770 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған. Бұған қоса екі ұшақ бойынша 2,5 миллиард теңгеге жуық лизингтік берешегі де бар көрінеді. «Сондықтан стратегиялық нысан – әуежайлар сатылмайды, тек бес жылға сенімгерлік басқаруға беріледі», — дейді жауаптылар.
СЫРЫМ ҚАУКЕЕВ, «ЖЕТІСУ» ӘУЕКОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Инвесторлар әуежайға өз қаржысын құйып, оны әрі қарай дамытады. Инфрақұрылымды жақсартып, жүк тасымалын жолға қою жоспарда бар. Оның пайдасын кәсіпкерлер де көреді. Өйткені бұл әуежайлар Қытайға жақын орналасқан, сондықтан логистика саласын дамытуға мүмкіндік көп. Оның үстіне өңірде туризм де қарқынды дамып келеді. Сол себепті бұл жоба екі тарапқа да тиімді болмақ
Бірақ әуежай мен әуекомпанияның активтері мемлекет меншігінде қала бермек. Қазір мемлекет жаңа басқарушыны іздеп жатыр. Ал болашақ инвестор әуе тасымалын ұйымдастырып қана қоймай, қос әуежайды дамытуға міндетті болады. Сондай-ақ жалақыны төмендетпей, жұмыс орындарын толық сақтап қалуы тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.