16 мыңнан астам адамға әкімшілік рақымшылық жасалуы мүмкін

Елімізде алғаш рет әкімшілік рақымышлық жасалауы мүмкін. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын талқылады. Құжатқа сәйкес, елімізде шамамен 21 миллиард теңге көлеміндегі айыппұл кешірілмек. Рақымшылық бір жарым млн-нан астам әкімшілік істерді қамтиды. Жеңілдікке кімдер ілігеді?
Елімізде биыл әкімшілік және қылмыстық рақымшылық қатар жүргізілмек. Қылмыстық рақымшылық жеңіл және орташа қылмыс жасаған азаматтарға қолданылады. Ал жаза мерзімін қысқарту әр істің ауырлығы мен сотталғанның мінез-құлқына қарай қарастырылады. Алдын ала мәлімет бойынша елімізде рақымшылық шаралары 16 жарым мыңға жуық адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде шамамен 1 жарым мың сотталған түзеу мекемелерінен босатылады деп күтілуде.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қайталанған қылмыстарға амнистия қолданылмайды. Былтырғы рақымшылық аясында түзету мекемелерінен 2 300 ден астам босатылса, 8 тұлға ғана қайтадан қылмыс жасап, түрмеге оралды. Сол себепті амнистиядан ешқандай қауіп жоқ.

Ал әкімшілік рақымшылық қарапайым азаматтармен қатар жеке кәсіпкерлерге де қолданылады. Елімізде шамамен 21 миллиард теңгеден астам айыппұл кешіріледі. Рақымшылыққа ілінетін істердің істердің 90 пайызы Ішкі істер саласына тиесілі. Бұл бастама 500 мыңнан астам азаматты қамтиды.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Рақымшылық аясында бір миллионнан астам әкімшілік іс бойынша салынған айыппұлдар есептен шығарылып, жалпы көлемі 17 миллиард теңгеден асатын берешек кешіріледі. Оның басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты. Осылайша, биылғы жылдың 17 наурызына дейін жасалған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша азаматтар мен кәсіпкерлер төленбеген айыппұлдардан босатылуы мүмкін.

Дегенмен заңсыз есірткі және қару айналымына қатысты құқық бұзушылықтар, сот шешімдерімен байланысты істер, қайталанған құқық бұзушылықтар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарға рақымшылық қолданылмайды. Депутат Абзал Құспанның айтуынша, әкімшілік рақымшылық азаматтарды әкімшілік жауапкершіліктен толық босатпайды.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жекелеген категориялар бұрын да кірмеген, қазір де кірмейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалған қылмыстар, террористік, экстремистік, ұйымдасқан қылмыстақ топ қарастырылмайды.

Сала мамандарының сөзінше, әкімшілік рақымшылық тәжірибесі әлемнің көптеген елінде кеңінен қолданылып жүр. Нәтижесі де бар. Негізгі мақсат – халық пен кәсіпкерлік салаға түсетін қаржылық жүктемені азайту. Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдады. Айта кетелік, құжат қабылданса, елімізде алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалмақ. Бұл бастаманы жүзеге асыру шамамен алты айға жоспарланған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал