Елімізде автокөліктер шамамен 18% арзандады

Елімізде автокөлік арзандады. Статистика бюросының дерегінше, бір жыл ішінде салондағы темір тұлпар шамамен 18% арзандаған. Бұған не себеп?
«Арзан көлік қайда?» деп Астананың автосалондарын аралауға шықтық. Бірден көзге түскені, Қытай көлігі қаптап тұр. «Былтыр күзде Алматыдағы зауыт ашылғалы кейбір көлік моделінің бағасы шынымен 7-15 пайызға түсті», — дейді мұндағы сатушылар.

БАҚДӘУРЕН ДИХАН, MYCAR ОРТАЛЫҒЫ САТУ БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:
— Чанган, Черри, Хавал және Тэнк автокөліктері нарықта сұранысқа ие. Бағалары арзандағандықтан, көліктер өте жақсы жабдықталған. 360 камералы болады, Қазақстанның климатына негізделген.

Ең арзаны – Changan, бағасы 6 млн 990 мыңнан басталады. Chery де сол маңайда. Haval 1-1,5 млнға қымбаттырақ. Корея, Жапония мен Еуропада шығарылатын көліктің құны аспандап кеткен соң, жұрт көрпесіне қарай көсіліп, қытайлық марканы жағалай бастаған.

Біз бас сұққан келесі автосалонда кісі қарасы көп емес. Мұнда да Қостанайдың «Сарыарқа Автопромында» жиналған қытайлық Gelly көліктеріне жеңілдік жасалып жатыр.

ЖАНДОС ҚАБДЫЛКӘРІМ, ALLUR GELLY GALAXY САТУ БӨЛІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
— Жеңілдіктер бүкіл моделдік қатарға болып жатыр. 1,3 млн теңгеден басталып, 2 млн-ға дейін барады. Модельдің комплектациясына байланысты.

«Бағаның түсуіне маркетингтік қадам себеп», — дейді сатушы. Jetour бренді көліктерін сатып жатқан салоннан да сондай жауап алдық. Қазақстанда шығарылған көлікке мұнда жеңілдік бар.

НҰРҚАНАТ ШАЙҚҰЛОВ, JETOUR ALLUR САТУ БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:
— Көліктердің барлығына төмендетілген бағамен 2 млн-ға дейін жеңілдік беріп жатырмыз. Jetour көлігінің бағасы 6 млн 990 мың теңгеден басталады. Соуист бағасы бізде 10 млн 490 мың теңгеден басталады.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Байқасақ, арзан көліктің бәрі – қытайлық бренд. Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, соңғы бес жылда аспан асты елінен келетін автокөліктердің үлесі 20 есе артқан. Егер 2020 жылы қытайлық брендтер барлық сатылған жеңіл көліктің небәрі 2 пайызын құраса, биыл бұл көрсеткіш 39 пайызға жеткен. Яғни қазір Қазақстанда сатылып жатқан әрбір үш көліктің бірі қытайлық маркаға тиесілі.
Неге олай екенін сарапшылардан сұрадық. Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағы президентінің айтуынша, себебі елдегі автокөлік зауыттарында қытайлық көліктер көптеп құрастырыла бастаған.

ҚАЙРАТ ЕЛАМАНОВ, ӨНЕРКӘСІПТІК ИНВЕСТОРЛАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бағаның төмендеуіне келсек, үш қытайлық бренд: Changan, Haval мен Chery бұрын шетелден импортталатын. Қазір олар Қазақстанда құрастырыла бастады. Бұл өз кезегінде көлік бағасының арзандауына әсер етті. Себебі өндірісті жергілікті ету және мемлекеттік қолдау шаралары импортпен салыстырғанда шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Десе де былтыр Қазақстанда ең көп сатылған көлік тізімінде қытайлық брендтер алдыңғы қатарда емес. Үздік үштікте Шевролет Кобальт, Хюндай Тусан, Киа Спортейдж көліктері тұр. Чанган мен Черри ондықтың соңында.

АНАР МАҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАН АВТОКӨЛІК ОДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бүгінде шынымен де көлік бағасы төмендеп жатыр, себебі бюджеттік сегментте сатып алушылар үшін жақсы ұсыныс көп. Оған қоса дилерлер мен өндірушілер халыққа көлікті жаңартуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламаларды ұсынып отыр.

Қытай көліктері жаулап алғалы нарықта бәсеке көбейді. Былтыр елімізде 235 мың жаңа көлік сатылса, биыл төрт айда 65 мың машина салоннан әкетілген. «Өндірушілер де, импорттаушылар да енді брендіне қарамай, темір тұлпарды мейілінше арзан бағамен ұсынуға тырысады», — дейді сарапшылар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал