Астанаға алғаш рет Кипр Республикасының президенті ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президенті Никос Христодулидиспен келіссөз жүргізіп, екіжақты сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар екі елдің экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуге, Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құруға келісті. Сондай-ақ бірқатар құжатқа қол қойды.
Қазақстан мен Кипр арасындағы байланыс тек саяси диалогпен шектелмейді. Серіктестік сан саланы қамтиды. Дегенмен талқылап шешетін мәселе әлі де жетерлік. Атап айтқанда, өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту мен іскер топ арасындағы байланысты күшейту. Екі ел президенті шағын құрамда өткізген келіссөзде осыны әңгіме қылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын.
Президент логистика, қаржы, туризм және цифрлық технология саласында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кипрлік серіктестерді Транскаспий халықаралық көлік бағыты жобасына қатысуға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Кипр – әлемдік деңгейдегі теңіз державасы. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл Орталық Азия, Каспий және Жерорта теңізі өңірлері арасында жаңа көпсалалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады.
Қазір Қазақстанда Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істейді. Оның ішінде 30-ға жуық кәсіпорын Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Десе де тараптар мұнымен шектелмек емес. Енді жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру саласындағы кооперацияға да баса мән берілмек.
НИКОС ХРИСТОДУЛИДИС, КИПР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бүгін жоғары білім, ғылыми зерттеу, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технология саласында бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар екіжақты ынтымақтастықтың зор әлеуетін нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік береді.
Кипр Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі саналады. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Никос Христодулидистің ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, I дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.