Петропавлда ата-аналар мемлекеттік балабақшаның жабылуына қарсы шықты

Петропавлда ата-аналар мемлекеттік балабақшаның жабылуына қарсы шықты. Себебі мекеме жұмысын тоқтатса, балалар қайтадан кезекке тұруы мүмкін. Ал жауаптылар нысанның әбден ескіргенін алға тартып отыр. Мекеме сүріледі ме? Тәрбиешілердің тағдыры не болмақ?
Мына ғимарат өткен ғасырдың 30-40 жылдары салынған. 2007 жылы оған күрделі жөндеу жүргізіліп, мемлекеттік балабақша ретінде ашылды. Бүгінге дейін 100-ге жуық бала тәрбиеленіп келген мекеменің жабылатынын естіген ата-аналар аң-таң. Сондықтан олар нысанды қайта жаңғыртудан өткізуді талап етіп отыр.

ИННА ХИСМАТУЛЛИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің балаларды ұжыммен бірге осы маңдағы балабақшаға уақытша көшіріп, мына бөбекжайға күрделі жөндеу жүргізсін. Ешкім үндемесе, ертең оны бұзып тастап, орнына көпқабатты үй соғуы мүмкін. Сосын ұл-қыздарымызды басқа ауданға тасымалдап қиналамыз.

ИГОРЬ СОЛОХА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Баламды мұнда әкеліп жүргеніме 3 жыл болды. Нысанның сапасына қатысты бірде-бір сын естімедім. Осы маңда жуырда жаңа жұмысын бастады. Иә, ол қазақ тілінде тәрбие береді. Дегенмен бұл сұрақ шешілгенше, бізде сонда орналастыруға болады ғой.

Ал бөбекжай меңгерушісінің сөзінше, ғимаратың қабырғасы шөгіп, шатыры қирай бастаған. Салдарынан қыста іші сыз тартады. Бұдан басқа кемшіліктері де жетерлік. Сол себепті сараптама тағайындалып, оны жабу туралы шешім қабылданған.

СВЕТЛАНА СТАРЦЕВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:
— Балабақша батпақты жерде тұр. Жерасты суы көтерілгенде қабырғалары ойнай бастайды. Оның үстіне іргетасы, жертөлесі жоқ. Сәуірде техникалық тексеріс жүргізілді. Оның қортындысына сәйкес ғимарат алдын ала апаттық жағдайда екені белгілі болды. Осылайша біз 42 күнге жабылдық.

30-ға жуық маман қазір еңбек демалысына жіберілді. Білім басқармасындағылар болса, олардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайды деп сендіріп отыр.

ӘСЕЛЬ ОРАЗБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ғимаратты бұзу жоспарда жоқ. Техникалық тексеріс жүргізіледі. Оның нәтижесінде қандай іс-шаралар жүргізілетіні шешіледі. Осы аралықта балалар жақын маңдағы балабақшаға жіберіледі. Ал мамандарға жұмыс табуға жәрдемдесеміз.

Әзір жөндеу нақты қашан басталатынын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Жалпы, Петропавлда балабақша мәселесі өткір. Қазір шаhарда екі мыңға жуық бала кезекте тұр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал