Ақмола облысында жазғы лагерлер балаларды қабылдауға дайын емес

Ақмола облысында жазғы лагерлердің басым бөлігі балаларды қабылдауға дайын емес. Мәселен, өңірдегі 13 маусымдық лагерьдің тек төртеуіне ғана санитарлық дәрігерлердің рұқсаты берілген. Ал қалғаны тиісті лицензияны алу үшін департаментке жүгінбеген. Жалпы, аймақта барлығы 18 сауықтыру орталығы бар. Оның бесеуі жыл бойы жұмыс істейді.
Еске салайық, елімізде биылдан бастап балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың арнайы ережесі бекітілген. Енді ғимараттардың әзірлігін әкімдік өкілдері, төтенше жағдайлар департаменті, полиция және санитарлық қызмет бірлесіп тексереді. Лагерьде жұмыс істейтін маманның біліктілігі де назарға алынады.
СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ СЭБД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасыз ғимаратты пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Былтыр мониторинг жасағанда рұқсат құжаты жоқ жұмыс істеген бір сауықтыру орталығы анықталды. Жоспардан тыс тексеріліп, әкімшілік шара қолданылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал