60 мыңнан астам зейнеткерге 21 млрд теңгедей артық аударылған

Зейнетақыдан заңсыз төленген миллиард. Жоғарғы аудиторлық палата соңғы бес жылда 60 мыңнан астам зейнеткерге 21 миллиард теңгедей артық аударылғанын анықтады. Олардың ішінде қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен және шетел асып кеткендер де бар. Текке төленген қаражатты енді кім қайтарады?
Жоғары аудиторлық палата Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджет қаржысын қалай жұмсағанын тексерген. Сөйтсе, ақшаның көп бөлігі зейнетақы төлеуге кеткен. Күдік туып, аударымдарды жеке-жеке қараған кезде зейнетақы бұрын қайтыс болғандарға, хабар-ошарсыз кеткендерге және шетел азаматтарына төленгені әшкере болды. 60 мыңнан астам зейнеткердің шотына жалпы сомасы 20 млрд 850 мың теңге аударылған.

ВИТАЛИЙ ПАК, МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТОР:
— Аудит қорытындысы мемлекеттік органдар қызметінде бірқатар жүйелі кемшіліктің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, зейнетақы алу құқығын және оның мөлшерін айқындауда шешуші мәнге ие ақпарат алмасуға қатысты халықаралық келісімдердің жоқтығы, сондай-ақ Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелері мен жекелеген мемлекеттік органдардың жүйелері арасында интеграцияның болмауы анықталды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі аудиторлық палата айтып отырған артық төлем 2020-2024 жылдары жасалған дейді. Мұның себебін былай түсіндірді.

АНЕЛЬ ШЕНЕЕВА, ЕХӘҚМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Артық төлемдердің туындауының негізгі себептері: ол алушылардың қайтыс болуы туралы мәліметтердің уақытылы түспеуі, алушылардың Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуі, азаматтардың зейнетақы төлемдерін шет мемлекеттерден бір уақытта алу фактілері, еңбек өтілін растайтын анық емес мәліметтер ұсыну.

«Бақилық болған, шетел асқан, жоғалған адамдар туралы мәліметтерді күн сайын жаңартып отырамыз», — дейді басқарма басшысы. Өйткені министрліктің ақпараттық базасы Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен біріктірілген. Дегенмен кей жағдайда туыстары марқұмның қайтыс болғанын кеш тіркейді немесе ақпарат шетелден уақытында келмейді. «Сондықтан артық төлем әлі де бар», — деді министрлік өкілі. Ал 2020 жылдардағы қате төленген зейнетақы бюджетке қайтарылып жатыр.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— 67 мың пенсионер, шетел азаматы алған. 67 мыңның 57 мыңы қайтарылды. Ол 13 млрд 500 млн 17 млны соттың шешімімен жойылды. Себебі 120 адам шетел азаматы қайтыс болды. Қазіргі қалғаны – 4 400 адамдай. Олардың бережағы – 6 млрд теңге.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Шетелдегі құзыретті органдардан да ақпарат сұратылып, салыстырылып жатыр. Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанда тұратын зейнеткерлер өз елінен де, бізден де зейнетақы алған деректер анықталды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал