Жетісай ауданында қауын шіріп жатыр. Шаруалар биылғы маусымда шығынға батқанын айтады. Соңғы бір айда жауын-шашынның шамадан тыс түсуінен егістіктегі қауындар қурап, өнім жарамсыз күйге түскен. Диқандар: «Мұндай ауа райы өңірге тән емес, бұл – жасанды жаңбырдың салдары», — дейді.
Егін шаруашылығы – Жетісай тұрғындарының табыс көзі. Алайда биыл қауын-қарбыз еккен диқандар тақырға отырудың аз-ақ алдында. Толассыз жауған жаңбырдан өнім бүліне бастаған. Шаруалар егістікке кететін шығынның өзі бірнеше миллион теңгеге жететінін айтып отыр. 10 гектар жерге қауын еккен Мәлік Шахалиевтің айтуынша, жинауға дайын тұрған өнім апта бойғы жауыннан кейін шіріп кеткен. Енді шаруалар кеткен шығынды қалай өтейтіндерін білмей отыр.
МӘЛІК ШАХАЛИЕВ, ШАРУА:
— Бұл бір түсініксіз жаңбыр. Аспан ашық болып тұрады да, аяқ астынан жауын құйып кетеді. Бір-екі сағаттың ішінде алқап көлге айналады. Ертеңіне күн шығып кетеді. Салдарын қазір көріп отырмыз. Бізге ешқандай пайдасы болған жоқ. Бәлкім, таудағы шөпке жақсы шығар. Бірақ диқандарды шығынға батырды. Еккен өніміміздің шамамен 80 пайызы бүлінді.
Ал жауаптылар жасанды жаңбырдың бұл өңірге еш қатысы жоқ екенін айтады. Сөздеріне сенсек, «Қазгидромет» мамандары бұл табиғи құбылысты ауа райы циклонымен байланыстырып отыр.
ҚАЗЫБЕК БЕДЕБАЕВ, «ТҰРАН СУ» МҚК ДИРЕКТОРЫ:
— Егінге, таулы болмаса су тасқаны болатын жерлерге барған жоқ. Жалпы, бұл жасанды жаңбыр жаудыру деген өзі тек белгіленген аумақта ғана болады. Былай айтқанда, диаметрі бес шақырым ғана құрайды. Реагенттерін себу, яғни біз арнайы нүктелерге жаудыра аламыз жаңбырды, бұлт болған жағдайда.
Шаруалар қазіргі жағдайда мемлекеттен қолдау қажет екенін айтады, өйткені жәрдем болмаса барлығы бірдей тақырға отыруы мүмкін. Сондай-ақ диқандар жаңа технологияны енгізуде жергілікті ерекшелік ескерілсе екен, дейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.