Ақтөбеде автобустарға арнайы дабыл жүйесі орнатылды

Ақтөбедегі автобустарда тікелей Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен байланысатын дабыл түймелері мен бейнекамералар сынақтан өткізіле бастады. Әзірге бұл – пилоттық жоба. Егер оның тиімділігі дәлелденсе, барлық қалалық бағыттағы жолаушы тасымалдау көліктері осындай құрылғылармен жабдықталады. Жаңа технологиямен тілшілеріміз де танысып қайтқан еді.
Бұл – дереу әрекет қажет деген белгі. Жедел дабыл қағылысымен Орталық қызметкерлері автобустың нақты орналасқан жерін анықтап, оған ең жақын жердегі полиция жасағын жібереді. Сонымен қатар олар автобус ішіндегі жағдайды тікелей бақылай алады. Әрекет ету жүйесі әзірге бір автобусқа ғана орнатылған. Дабыл түймесі жүргізушінің сол жағында орналасқан. Түймені басатын да жүргізуші. Жаңа жоба жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
РУСЛАН ФАСКУЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының сапарын қауіпсіз ету. Автобуста адам көп болғандықтан, бейнебақылау камераларынсыз көптеген құқық бұзушылықтарды ашу қиын. Сондықтан бұл жүйе жағдайды айтарлықтай жеңілдетеді деп ойлаймын.

Жоба сынақтан өтіп жатыр. Егер жедел әрекет ету жүйесі өз тиімділігін көрсетсе, бейнекамера мен дабыл түймесі қаланың барлық қоғамдық көлікке орнатылады. Қазіргі таңда облыс орталығында жолаушылар тасымалымен алты компания айналысады. Ондағы жалпы автобус саны – 360.
Жоба бір ай бойы сынақтан өтеді. Осы уақыт ішінде автобустардағы ұрлық, төбелес және басқа да құқықбұзушылық азая ма, жоқ па толық зерделенбек. Құрылғыларды орнатқан компания өкілдерінің айтуынша, қажет болған жағдайда автобус ішіндегі жағдайды тәулік бойы онлайн режимде бақылауды да ұйымдастыруға болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал