Жасанды интеллектіні еркін қолдана алатын маманға сұраныс артады

Сіздің қанша дипломыңыз бар? Алайда бұл қазір аса маңызды емес. Маңыздысы – жасанды интеллектіні тұрмыста, жұмыста пайдалана білу. Сарапшылар алдағы 10 жылдықта жаңа маманға сұраныс артады деп отыр. Олар кімдер?
Бір ғана диплом жеткіліксіз. Жұмыс берушілердің талабы күн сайын өзгеріп жатыр. Әсіресе жасанды интеллектіні еркін қолдана алатын маманға сұраныс артты. Еңбек министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2035 жылға қарай цифрлық дағдыны Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың басым бөлігі меңгеруі тиіс болады.

АЛДАМЖАР КИЕКБАЕВ, ASTANA HUB, AI PRODUCTS ДИРЕКТОРЫ:
— Сіз өзіңіздің жеке жасанды интеллект көмекшіңізді жасай ала аласыз. Ол үшін AI-агентті қолдануға болады. Мысалы, Alem+ платформасы немесе Claude пен chatGPT сияқты. Менің ойымша, жасанды интеллектімен жұмыс істей алатын заңгер мен қаржыны модельдеуде қолдана білетін есепшілер нарықта әрқашан сұранысқа ие болады.

Әлия Оразымбетова – қазір кәсіби IT маманы. Бірнеше жыл бұрын неміс және қытай тілінен аудармашы болып жұмыс істеген. Ал бүгін цифрлық жоба жасайды. Әлия мамандығын 33 жасында түбегейлі өзгерткен. Оның айтуынша, гуманитарлық сала өкілі үшін бастапқыда алгоритм мен цифрлық құралды түсіну оңай болмаған.

ӘЛИЯ ОРАЗЫМБЕТОВА, AI САРАПШЫ:
— Бағдарламашы болу үшін 2-3 жыл оқу міндетті емес. Күнделікті жұмысты жеңілдететін жасанды интеллект мүмкіндігін меңгерсеңіз жеткілікті. Жасанды интеллект мұғалімнің де, кәсіпкердің де жұмысын жеңілдетіп отыр. Есептеу, жоспарлау, дайындықты автоматтандырды.

Алдағы жылдары ондаған жаңа мамандық пайда болады. AI-дизайнер, жасанды интеллект қауіпсіздігі жөніндегі инженер, медициналық деректі талдаушы. Дәл осы жерде бәсеке басталады. Адам мен машина арасында емес, жасанды интеллект қолданушылар мен жаңа технологияны елемейтіндер арасында болады. Бұл – сарапшылар пікірі. Ал нақты деректі уақыт көрсетеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал