Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот процесінде жаңа мәліметтер белгілі болды. Сотта апатқа дейін ZEEKR көлігінің жүргізушісімен бірге болған куәгерлерден жауап алынды. Олардың бірі сотталушының өзін үйіне жеткізіп салуды ұсынғанын айтты. Алайда оның сөзінше, жүргізушінің қатты мас болғанын байқамаған. Сонымен қатар сот отырысында үш адамның өмірін қиған жол апатының бейнежазбасы көрсетілді.
Сотта қайғылы апатқа дейін күдіктімен бірге болған куәгерлерден жауап алынды. Куәгерлердің бірі апат болатын кеште сотталушымен бір компанияда болғанын айтты. Қыз оның мінез-құлқынан күдік тудыратын ештеңе байқамағандықтан келіскен. Алайда автотұраққа жеткенде ер адам кенеттен райынан қайтып, жалғыз өзі кетіп қалған.
НАЗЫГҮЛ ШАМАХУНОВА, КУӘГЕР:
— Автотұраққа бара жатқанда Пак маған: «Сені үйіңе жеткізіп салайын», – деді. Мен келістім. Оның әрекетінен немесе сөйлегенінен күмән тудыратын ештеңе байқамадым. Егер адамның мас екенін білген болсам немесе қатты ішкенін байқасам, көлігіне отырмас едім.
Куәгердің бірі бірнеше минуттан кейін Әл-Фараби даңғылындағы ауыр жол апатының салдарын көрген. Бірақ сол кезде апатқа сотталушының қатысы бар екенін білмеген. Оның сөзінше, соққының қатты болғаны соншалық, ZEEKR көлігі соқтығыс болған жерден едәуір қашыққа ұшып кеткен. Сотта тағы бір куәгер де жауап берді. Ол отырған үстелде алкогольдік ішімдіктер болғанын растады. Бірақ ешқайсысы сотталушының ішімдік ішкенін нақты айтпады. Бүгін сотта жол апатының бейнежазбасы көрсетілді. Кадрлардан ZEEKR көлігінің асқан жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқанын көруге болады. Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу мәліметінше, сотталушы алкогольдік масаң күйде Әл-Фараби даңғылымен сағатына шамамен 215 шақырым жылдамдықпен жүрген. Соның салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жас жолаушы қыз қаза тапты.
ОЛЕГ ЧЕРНОВ, ЗАРДАП ШЕККЕН ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ:
— Қорғаушы тараптың нұсқасы бойынша, көлік жол апатына дейін-ақ техникалық ақауға ұшырап, бөлшектене бастаған көрінеді. Бұл нұсқаны сотқа дейінгі тергеу органдары тексерді, алайда ол расталған жоқ. Сондай-ақ куәгерлер сотталушының нақты не ішкенін бақыламағандарын айтты. Бізде әлі жауап алынбаған куәгерлер бар. Егер олардың бәрі алкоголь қолданбағандарын айтса, онда қорытынды біреу ғана болады – қанынан алкоголь табылған адам ішімдік ішкен.
Үш бірдей марқұмның туыстары сотталушымен татуласқандарын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Заңгерлердің айтуынша, сотталушыға тағылған айып бойынша жеті жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Келесі сот отырысы бір аптадан кейін өтеді. Сот әлі де қалған куәгерлер мен сотталушының өзінен жауап алуы тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.