Түркістан облысында жантүршігерлік көлік апаты болды. Арыс қаласында көлік тізгіндеген әйел жеке тұрғын үйдің қоршауына соғылып, үйдің алдында орындықта отырған адамдарды қағып кеткен. Үш адам жан тапсырса, тағы екі адам ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен.
Қайғылы оқиға 6 маусым күні кешкі 8-9-дар шамасында болған. Қаза болғандардың біреуі 29 жастағы Айшолпан Шәріпбектің аяғы ауыр болыпты. Оқиға орнында тіл тартпай кеткен екі бүлдіршіннің біреуі – Айшолпанның 2 жасар ұлы. Ал тағы бірі көрші үйдің 5 жасар қызы екен.
ҒАНИ АЙДАРОВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
— Екі келін отырған, өзімнің келінім мен көрші келін, екеуі әңгіме айтып отырған. Сосын апамыз отырған. Ол кісіге бала-шағасы: «Үйге кіріңіз, төсек салып қойдық» деген, содан тұрып жатқан кезде машина келіп соққан. Сөйтіп, ол кісінің иығы сынды, біздің келініміз бен баламыз кетті. Көрші келініміздің кішкентай 5 жасар қызы да қаза тапты. Астанадан бір күн бұрын келген, енді осындай жағдай болып отыр. Кішкентайымызды топырақтың астынан тауып алдық. Келініміз қораның ішіне кіріп кеткен, көлік соққанда ұшырып жіберген.
Одан бөлек тағы үш адам жарақат алған. Көрші үйдің егде жастағы әжесінің иығы сынған. Ал 30 жастағы әйел мен оның 1 жас 6 айлық баласы ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті. Оқиға орнында көз жұмған 5 жасар қыз – дәл осы науқас әйелдің перзенті. Дәрігерлердің айтуынша, бір жарым жасар сәбидің бес қабырғасы мен сан сүйегі сынған. Сол күні санавиация желісі арқылы дәрігерлер шақырылып, көмек көрсетіліпті. Бүлдіршінге ота жасау мақсатында оны облыстық балалар ауруханасына ауыстырды.
АЙДАР АКБАРОВ, ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ УАҚЫТША МЕҢГЕРУШІСІ:
— 30 жастағы науқастың жағдайы орта дәрежелі, оң жақ тізе буынының жабық сынуы, ми шайқалуымен хирургия бөліміне жатқызылды. Екінші 1 жас 6 айлық бала реанимацияға жатқызылды, өте ауыр жағдайда келді. Ми шайқалуы, оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынуы, сол жақ санының жабық сынуы, жарақаттық шокпен реанимацияға жатқылды. Оны қазір облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық.
Жантүршігерлік апатты жасаған 52 жастағы әйел мас болған. Бірнеше адамды қағып кеткен көлік жүргізушісі оқиға орынан қашып кетіпті. Бұл туралы полиция мәлімдеді. Қазір жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті іс-шараларды жүргізуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады».
Күдіктінің көршілері 52 жастағы әйелдің мектепте қазақ тілі пәні мұғалімі болып жұмыс істейтінін айтады. Ал қаза болған келіншектің артында жары мен 3 баласы қалды. Олар: «Күдікті заң алдына лайықты жазасын алса екен», — дейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.