СҚО өнерпаздары ауылдарды аралап, серілік дәстүрді қайта жаңғыртты

Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау үшін ерекше жоба бастады. Олар әсіресе түтіні азайған шалғайдағы елді мекендерді аралап, тұрғындарға естен кетпес кеш ұйымдастыруда. Осылайша, мәдениет пен есті әндерге сусындаған ауылдағы ағайынның көңілін көтеріп, атадан балаға дарыған серілік дәстүрді қайта жаңғырта бастады.
Ақан сері, Біржан сал, Естай секілді тұлғалардың серілік өнерін теріскейлік өнерпаздар қайта жаңғыртты. Олар әсіресе облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарды аралап, ұлттық өнерді ұлықтауда.

«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, шара барысында тек халық әндері шырқалып, оның шығу тарихы кеңінен баяндалады. Ал мұндай кездесулер кеш бата табиғат аясында ұйымдастырылады. Өнерпаздар домбыра, сыбызғы сынды ұлттық аспапта ойнап, тындарманды тамаша күйге бөлейді.

Өнерпаздар бұл жолы Аралағаш ауылының тұрғындарын таңдандырды. Күнделікті күйбелең тірліктен шаршаған жергілікті халық бір марқайып қалды.

ЖОМАРТ ИСИН, АУЫЛ ТҰРЫҒЫ:
— Біздің елде мұндай көптен болған жоқ. Үлкені бар, жасы бар – бәрі ләззат алып қалды. Оттың айналасында таза ауада ән тыңдап, көңіліміз көтерілді.

АЙМАН ТІЛЕУЛИНА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
— Бүгінгі жиналған халық өте риза болды. Сондай тебіреніп отырдық. Өте әсерлі болды.

Мұндай концерт халық үшін тегін. Жобаның басты мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеп, оны кеңінен насихаттау.

БІРЖАН ЕСЖАН, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ:
— Ата-бабамыз оттың басында шежіре айтқан, шежіре тарқатқан. Тарихтан әрлі-берлі замандарды қозғап отырған. Күй тартып, домбыра шертіп, жыр-дастандарды, қиссаларды айтқан. Мінекей, біз ештеңе ойлап тапқан жоқпыз. Сол форматқа қайтадан оралдық. Ұлттық өнер – біздің түп-тамырымыз. Түп-тамырға қайтадан оралуымыз керек.

Әзірге әншілер 10-нан астам ауылда болған. Енді олар шекара шебіндегі ел-жұртқа барып қайтуды мақсат етіп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал