Германияда кісі қолынан қаза болған қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваға қатысты іс тығырыққа тірелгендей. Марқұмның туыстары мен олардың адвокаты күдіктілердің ұсталмай отырғанына наразы. Адвокат Мұрат Адам біздің арнаға берген сұхбатында қазір бір мезетте екі қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты. Бірі – Германиядағы адам өлтіру фактісі бойынша, екіншісі – Айгүл Сайлыбаева Германияға кетпей тұрып Қазақстан аумағында көрген азаптау дерегі бойынша. Алайда екі іс те күдіктілер іздеуде деген негізбен өндірістен тоқтатылған. Күдіктілер ретінде Айгүлдің күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцоваға халықаралық іздеуге жарияланған. «Олардың нақты қайда жүргені белгілі болса да, ұсталған жоқ», — дейді қорғаушы.
МҰРАТ АДАМ, АДВОКАТ:
— Александр Донцов Ресей азаматтығын алғанымен, Қазақстан азаматтығынан шыққан жоқ. Соған қарамастан, біздің прокуратура оны ресми түрде сұратып, Ресейден Қазақстанға экстрадициялау мәселесін шешуге ешқандай қызығушылық танытпай отыр. Бір қызығы, Ресей бізден өз азаматтарын сұрайды, біз оларды беріп жатырмыз. Ал Қазақстан азаматы Александр Донцовқа келгенде, өзіміз де оны сұратпаймыз. Ресей де оны бізге қайтармай отыр. Формалды түрде Қазақстанның Бас прокуратурасы Ресейге ресми сұрау жолдап, сол жақтың құзыретті органдары Александр Донцовты Қазақстан аумағына экстрадициялап, оны сотқа тарту үшін әкелуін сұратуға құқылы.
Адвокаттың айтуынша, Ресей тарапы да әзірге өз аумағында қылмыстық қудалау бастаған жоқ. Қорғаушының айтуынша, Ресей заңнамасы өз азаматтарын шетелде жасалған қылмыс үшін жауапқа тартуға мүмкіндік береді. «Сондықтан Александр Донцов пен Наталья Донцоваға қатысты тергеуді Ресейдің өзі де жүргізе алар еді», — дейді. Марқұмның туыстарын алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы жиен немересі Жаклинмен байланыса алмай отыр. Адвокаттың сөзінше, бұл бағытта да нәтиже жоқ. Қазір жәбірленуші тарап Германия прокуратурасына да, Ресейдің Тергеу комитетіне де қайта-қайта өтініш жолдап жатыр. Алайда осы уақытқа дейін олардың шағымдары бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданбаған.
Еске салайық, қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның мәйіті 2024 жылдың 16 маусымында Германияда өзеннен табылды. Ол Бенсхайм қаласында күйеуімен және екі жастағы қызымен тұрған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.