Ақтөбеде тұрғындар төбесінен су сорғалаған үйде тұруға мәжбүр

Толассыз жауған жауын ақтөбеліктерді әуре-сарсаңға салды. Әсіресе әбден тозығы жеткен ескі үйлер табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алар емес. Мысалы, Чекалин көшесінің тұрғындары азап шегіп отыр. Бұл жердегі бес үй бірнеше жыл бұрын апатты деп танылса да, әлі күнге мәселе оң шешімін таппай келеді. Жергілікті билік құр уәде берумен ғана шектеліп отыр. Басқа барар жері жоқ тұрғындар төбесінен су сорғалаған баспаналарында тұруға мәжбүр.
Бұл үйлердің іргетасы өткен ғасырдың 70-ші жылдары қаланған. Ал апатты деп танылғанына 20 жылдан асты. Әлі күнге 150-ден астам адам тұрып жатыр. Жергілікті биліктің жаңа қонысқа көшіреміз деп уәде бергеніне 5 жыл өткен. Жаңбыр жауса төбеден су сорғалайды. Кейбірі амалдың жоқтығынан пәтер жалдап, біреудің босағасын сығалап жүр.

РАЯ БАҚТЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үйге су кіріп жатыр. Есіктен кірген су төрге дейін барып жатыр. Шытырымыз құлап жатыр. Жалғызбасты ана, зейнеткерлердің бәрі осы жерде тұрып жатыр. Қай жаққа барады? Мен 10 жылдан бері пәтер жалдап, қаңғып жүрмін.
Сәуле Рахметқалиева 2004 жылдан бері осы үйде тұрып келеді. Бастапқыда бұл үйлердің апатты екенін білмеген. Басқа барар жеріміз жоқ дейді зейнеткер.

Ақтөбе қаласы әкімдігі мен «Стройстандарт 222» серіктестігі арасында 2021 жылы меморандумға қол қойылған. Қызылжар тұрғын алабынан 18 гектар жер де бөлінген. Соңғысы екі кіреберістен тұратын бес қабатты үйді салып беруге уәде берген. Алайда әлі күнге құрылыс басталған жоқ. Чекалин көшесіндегі бірнеше апатты үйдің тұрғындары сол жерге көшірілуге тиіс болатын.

ӘСИМА ОМАРОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Қазіргі уақытта мердігер бар, жер бөлінді. Тұрғындарға үй салып беру уәдесін мердігерлерден күтеміз. Биылғы жылы аяқтап береміз деп уәде етіп отыр. Керек материалдардың барлығы жеткізілді. Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысты бастай алмай отырмыз деген уәждерін айтып отыр.

Мердігердің құрылыс жұмыстарын жүргізу мерзімі мен тәртібін ешкім қадағалай алмайды. Себебі құрылысқа қажет қаржы солардың қалтасынан шығады. Қолда бары екі тарап қол қойған меморандум ғана. Тұрғындар бұл мәселе шешімін таппаса, сотқа шағымданамыз деп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал