«Көмектесіңіздер, бізде су жоқ!» Астана іргесіндегі Қараөткел және Қаражар ауылының тұрғындары редакциямызға осындай шағыммен хабарласты. Азаматтар аптап ыстықта ауызсу тапшы екенін айтады. Тұрғындар неліктен тіршілік нәрінен тарығып отыр?
Астанадан небәрі бір шақырым жерде орналасқан Қараөткел және Қаражар ауылдарының тұрғындары бірнеше жылдан бері су мәселесін көтеріп келеді. Айтуларынша, жаз басталысымен су қысымы төмендеп, кейде мүлде тоқтайды. Тұрғындар судың кестемен берілетініне наразы.
БАҒЛАН ЖОМАРТҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
— Су графикпен беріледі: түнгі 12-де өшіріп тастайды, таңғы 6-да қосады. 9-дан 12-ке дейін өшіріп, 12-ден 2-ге дейін қосады, сосын кешкі 6-да бір-ақ қосады. Не сұмдық мынау?!
Осындай жағдай Қаражар ауылында да қайталанады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, су тәуліктің белгілі уақытында ғана беріледі, ал қысымы тұрмыстық қажеттілікке де жетпейді.
Ал аудан әкімдігі су тапшылығының басты себебін халық санының күрт көбеюімен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы су жүйелері қазіргі жүктемеге есептелмеген. Оның сыртында қазір кейбір кәсіпорындар суды заңсыз пайдаланып отыр деген дерек тексеріліп жатыр. Әзірге Целиноград ауданынан щқарасты алты ауылға ауызсу кестемен беріліп отыр.
ЕРЛАН АЙТЖАН, «ЦЕЛИНОГРАД СУ АРНАСЫ» ШЖҚ МКК БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Әкімшілікпен бірге Қараөткел маңындағы жер қоймасынан құбыр қазып, тағы су шығарайын деп жатырмыз. Жұмыстар жүріп жатыр. Суды тез арада графиксіз беруге жұмыс жасаланып жатыр.
Жауаптылар су мәселесін 10-15 күнде шешуге уәде берді. Ал әзірге Қараөткел мен Қаражар тұрғындары мәселенің нақты шешімін күтуде. Ал біз бұл уәденің дер кезінде орындалуын бақылауда ұстаймыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.