Жамбыл облысынан көне петроглифтер табылды

Жамбыл облысындағы Бұрхансай шатқалынан ғылымға бұрын беймәлім болған көне петроглифтер табылды. Мамандар олардың қола дәуіріне жататынын айтады. Бұл жартас суреттері шамамен 4 мың жыл бұрын пайда болған. Құнды жәдігерлердің қатарында бір өркешті түйелердің, тау ешкілерінің бейнелері мен бұғы аулау көріністері бар. Ежелгі түркі тіліндегі руникалық жазуда «Ер атым Аба» деп тасқа қашалып жазылған. Оның қазақша мағынасы – «Менің атым – Аба». Оны оқып, мағынасын анықтауға түркі жазуының зерттеушісі Владимир Тишин көмектескен. Петроглифтерді кешенді зерттеу аяқталғаннан кейін ғалымдар арнайы монография шығарып, жаңа тарихи нысанды мемлекет қорғауына алу жөнінде ұсыныс енгізбек. «Әйтпесе құнды жәдігерден айрылып қалуымыз әбден мүмкін», — деп қауіптенеді мамандар.
ЕРАЛЫ АҚЫМБЕК, АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Бұл жерде 4 мың жыл бұрын салынған суреттер кездеседі. Ол суреттердің бетінде қына секілді мүк өскендері болмаса, жауын-шашыннан бұзылуы сирек. Құрылысқа не жол салуға бірлі жарым тастар алынған. Сондай тастардың арасында кейде суреті бар тастардың кетіп қалып жатқан жағдайлары кездеседі. Өте өкінішті. Әйтпесе бұл – туристерге көрсететіндей, ашық аспан астындағы нысанға айналдыруға лайықты жер.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал