Алматы облысының аспанында бір мезетте 30 әуе шары қалықтады. Іле Алатауының бөктерінде бірнеше елдің өкілін жинаған халықаралық фестиваль өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ерекше көріністі мыңдаған адам тамашалаған.
Алматы облысының аспаны түрлі түске боялып, Алатау бөктерінің көркі одан бетер ерекшелене түсті. Өңір туризмін дамытуға бағытталған фестивальге Қазақстаннан бөлек, Германия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан қатысушылар келді.
ТАХИР САЛИЕВ, ӨЗБЕКСТАН АЭРОНАВТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл шараның Алматы маңында ұйымдастырылғаны керемет болды. Жерде жатқан қарапайым матаның біртіндеп үрленіп, әсем әуе шарына айналғанын көргенде, адамның жүрегіндегі бала көңіл оянады. Осылайша, кез келген жан ерекше сезімге бөленеді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ауқымды шараға 30 мыңнан астам адам жиналды. Германиялық ұшқыш Виктор Гапеев Қазақстанға өзінің ерекше аэростатымен келді. Ол «Филя» атты үкі бейнесіндегі әуе шарымен бүгінде Еуропадағы фестивальдерге тұрақты түрде қатысады.
Фестиваль тек әуе шарларының ұшуымен шектелмеді. Қонақтар үшін түрлі алаңдар, шеберлік сабақтары, көрме жұмыс істеді. Ал ашық аспан астындағы кешкі концерт шараның ажарын аша түсті.
НАТАЛЬЯ РАСТОРОПНОВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДІҢ ПРОДЮСЕРІ:
— Біздің команда үшін Қазақстанда көпшілікті қызықтыратын, өзіндік ерекшелігі бар ірі фестивальдердің көбейгені маңызды. Қазір әлемде концерт көп, алайда қайталанбас идеясы мен ерекше атмосферасы бар шаралар аз. Біз дәл сондай ерекше фестивальдерге адамдардың көптеп келгенін қалаймыз.
Фестиваль биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл ұйымдастырушылар 29 аэростатты бір алаңға жинады. «Бұл өңір туризмі мен экономикасы үшін маңызды», -дейді жауаптылар.
Алғашқы фестиваль елімізде 2017 жылы, екіншісі 2023 жылы ұйымдастырылды. Ал 2024 жылы тасқынға байланысты өткізілмеді. Сондықтан жауаптылар шарапаты мол шараны енді жылда өткізуге бел буып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.