2027 жылы қазақстандықтар үшін несие алу талаптары күшейеді

Елде несиені үстемелеп алып, қарызға белшесінен батқан адам көбейді. Қазақстандықтардың банк алдындағы борышы 20 пайызға өсіп, 24 трлн теңгеге жеткен. Сондықтан тиісті мекеме өкілдері азаматтардың қарызын азайтудың амалын ойластырып жатыр. Енді екінші деңгейлі банктер қарыз алушының табысын мұқият саралап, төлем қабілетіне ерекше мән беруге міндетті. Жаң талапта нақты қандай өзгеріс бар?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— 2027 жылдан бастап қазақстандықтар үшін несие алу талаптары күшейеді. Енді банктер несие рәсімдеу кезінде азаматтың тек ресми табысына сүйенеді. Ал құжатпен расталмаған кірістер есепке алынбайды. Бұл дегеніміз табыс көзін дәлелдей алмайтын азаматтарға несие алу бұрынғыдан қиындай түседі.

Қаржы ұйымдары қарыз алушының төлем қабілетін екі негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды. Біріншісі – борыштық жүктеме коэффициенті. Ол адамның қазіргі несиелері мен ай сайынғы төлемдерін көрсетеді. Яғни неғұрлым жоғары болса, жаңа несие алу мүмкіндігі соғұрлым төмендейді. Ал екіншісі – қарыздың табысқа арақатынасы. Бұл көрсеткіш бойынша банктер азаматтың қаржылық жағдайын және несиені төлеуге шамасы жететінін анықтайды. Ең маңыздысы, ай сайынғы төлем мөлшері адамның ресми табысының жартысынан аспауы тиіс.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
— Халыққа берілетін шекті несиелердің нормативтік мерзімін де және мөлшерлемесін де төмендеттік. Одан басқа шарларды Парламентке ұсынып, Парламент арқылы бекіттік. Халыққа берілетін несиелердің салықтық жүктемесі 25 процент болады.

Иә, қазір несие алмайтын адам кемде-кем. Оған мына статистика дәлел. Былтыр қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі 20 пайызға өсіп, 24,8 триллион теңгеге жеткен. Жаңа ережеге қатысты халықтың пікірі де екіге жарылды. Бірі мұны қарыз жүктемесін азайтатын тиімді шара десе, енді басқалары ресми табысы аз азаматтарға несие алу қиындайтынын айтады.

Ал Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев келер жылы күшіне енетін жаңа талаптарды қолдайды. Оның айтуынша, соңғы жылдары банктер де несиені азаматтарға оңды-солды таратып, пайыздық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап отыр.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Дұрыс деп ойлаймын, қазір несиесіз адам жоқ. Көпшілік жағдайда қаржылық сауаттылығымыз төмен. Телефонды да, машинаны да, тойды да несие алып өткізіп жатырмыз.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Көп адамның айлығы сәйкес келмейді. Үлкен пайызға несие алады. Кейін қиналады.

«Қалай дегенмен жаңа ереже несие беру тәртібін реттеуге мүмкіндік береді», — дейді сарапшылар. Айта кетейік, мұндай шектеулер елімізде бұрыннан бар. Бірақ келер жылдан бастап несие қаржы ұйымдары әрбір азаматтың табысын мұқият есептеп, несие беру туралы шешімді жеке қабылдайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал