Қазақстан бюджетіне былтыр 336 млрд теңге кем түскен. Бұл туралы Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалған кезде мәлім болды. Қаржы министрінің айтуынша, кірістің жоспардан төмен болуы сыртқы экономикалық факторларға байланысты. Соған қарамастан бюджетке түскен салық көлемі артқан. Былтырмен салыстырғанда салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5 пайызға көбейген. Алайда аудиторлар бюджет тапшылығы әлі де өзекті екенін айтады.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы тұрақты 4,6% құрады. Республикалық бюджеттің кірістері жоспардан 99% орындалып, 21,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері, трансферттерді есептемегенде, 17,5%-ға өсіп, 15,3 трлн теңгеге жетті. Жалпы жоспар 336 млрд теңгеге орындалмады.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
— Бюджет тапшылығы мәселесі әлі де маңызды. Оны қысқарту бойынша жоспарлар қабылданған. Алайда Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, олардың орта мерзімді перспективада іске асырылуы екіталай.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.