СҚО-да Бескөл ауылының тұрғындары жайылым таппай сенделіп жүр

Еліміздің солтүстігінде жер дауы. Қала іргесіндегі Бескөл ауылының тұрғындары мал бағатын жайылым таппай сенделіп жүр. Айтуларынша, соңғы жылдары мәселе тіпті күрделеніп кеткен. Сондықтан халық бұл жолы әкімдік алдына жиналды. Алайда жергілікті билік өкілдері төбе көрсетпеді.
Жайылым жер алыстан емес, Бескөл ауылы маңынан берілсін деген бұқара бұл жолы әкімдік алдына жиналып, шу шығарды. Айтуларынша, соңғы жылдары мал бағатын ұлтарақтай жер таппай қалған. Себебі маңайдағы гектар-гектар алқап шаруаларға жалға берілген.

ҚАНАПИЯ ТӘКЕНОВ, АУЫЛ ТҰРЫҒЫНЫ:
— Жер Бескөлдікі деп жылқыны баққызбай жатыр. Сол дұрыс шешім берсін деп әкімдікке келіп отырмыз. Қаншама халық жиналып отыр. «Онда шөп шабады» — дейді бір кісілер. Шөп шабатындар өзінің қамын ойлап отыр. Қаншама халық малымызды қайда бағамыз?
ЕВГЕНИЙ ЧИБИСОВ, АУЫЛ ТҰРЫҒЫНЫ:
— Өріске барып жылқыларымды қарап тұрамын. Әбден арып кеткен. Себебі жайылым жоқ. Бұрын ауылдың екі жағынан 400 бастан мал шығатын. Қазір 150 жылқыға таппай отырмыз. Өзіміз жол жиегінде бағайық десек, оған да рұқсат жоқ.

Әсіресе қазір бақташылар не істерін білмей дал. Өйткені бай-бағыландарға берілген құнарлы алқапқа мал тұяғы тисе, бірден байбалам салып, құзырлы органдарға арызданатын көрінеді.

ҚУАНДЫҚ МҰХАМЕДИЕВ, БАҚТАШЫ:
— Мал бағу жылдан-жылға қиындап бара жатыр. Көктемде шөп көтерілгенше, мал бағатын жеріміздің бәрін жалға беріп қойған. Енді мая жая алмай отырмыз. Өздерінің таныстарына хабарласып, қыспаққа алып жатыр.

Базынасын билікке жеткіземіз деген бұқара екі сағаттан астам уақыт әкімдік алдында тұрды. Оларды ішке де кіргізбеді. Белгілі болғаны аудан әкімі еңбек демалысында. Ал орынбасарлары төбе көрсетпеді.

НАЗЫМБЕК ҚҰДАБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Сағат он болмай келдік. Әкім жоқ, орынбасарлары жоқ. Халық болып жиналып отырмыз. Халық келгеннен кейін әкімдіктен жауапты кісілер шығуы керек, жауап беруі керек. Біздің мәселемізді тыңдап: «Не үшін келіп тұрсыңдар? Қандай мәсілемен келіп тұрсыңдар?», — деп сұрамайды.

Халық шу шығар соң, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы келді. Ол малдарың есепте жоқ, тиісінше малы жоққа жайылым да қарастырылмайды деп қысқа қайырды.

Тұрғындар сауалына сол күйі нақты жауап ала алмады. Сондықтан олар енді прокуратураға арызданып, сотқа жүгінуден басқа амалымыз жоқ деп тарқасты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал