Жетісайда қауын-қарбыз пісті. Биыл Түркістан облысында 20 мың гектарға жуық жерге қарбыз егілген. Диқандар елден артылған алғашқы өнімді Ресейге жөнелте бастады. Қазір жемістің бұл түрінің келісі базарларда 250-450 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал алқап басынан тонналап алатындарға 100 теңгеден саудалануда.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Жаздың нағыз дәмі осы жерде пісіп жатыр. Бірнеше айлық еңбектің нәтижесін қазір диқандар жинап, көлікке артып жатыр. Күннің ыстығы 40 градусқа жетсе де, жұмыс тоқтаған емес. Жиналған өнім елдің түкпір-түкпіріне жол тартады.
Қарбыз жинау оңай жұмыс емес. Піскен өнім алдымен іріктеліп, кейін көлеміне қарай сұрыпталады. Себебі нарықта әр салмақтағы қарбызға сұраныс әртүрлі.
Мұнда қарбыздың бірнеше түрі өсіріледі. Әр сорттың сыртқы пішіні мен дәмі әртүрлі.
БЕРДИЯР ПАДАШ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл – «Нұрай» сорты, одан бөлек «Инсепшн» деген 2026 жылы шыққан голланд сорты бар. Мұның қабығы қалыңдау болады, супермаркетке, премиум сегментке жақсы. Ал түрік сортының қабығы жасыл болып келеді, домалақтау.
Сорты қандай болса да, қарбыздың нақ бағасын дәмі ғана айқындайды.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Айлап күткен еңбектің нәтижесін сөзбен емес, осылай көрсеткен дұрыс шығар. Қып-қызыл, дегенмен дәмін көрмей тұрып, баға беру қиын. Табиғаттың сыйы деген осы шығар.
Шаруашылық биыл 13 гектарға жуық аумаққа қарбыз еккен. Ақпан айында басталған еңбек енді өз нәтижесін беріп жатыр. Егістікте Америка, Голландия және Түркиядан әкелінген жеті түрлі жеміс сорты пісіп тұр.
БЕРДИЯР ПАДАШ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз жаңа сорттарды іздеудеміз, қазақ еліне жаңа сорт тапқымыз келіп жатыр. Әлі зерттелмеген, ашылмаған сорттардың ұрықтарын Қазақстанға алдырып, қазір ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Маған бұл жүйеде диқан болып жұмыс істеу қызық, бірақ диқан болып қалу үшін маған осы жүйені дамыту қажет. Мысалы, Қырғызстан шешімін тапты, бір-екі аптаға шекараны жабады. Сөйтіп, алдымен өздерінің диқандарының қарбызын жеп бітіріп алады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.