Алатау қаласын салу кезінде Шэньчжэнь тәжірибесі негізге алынады. Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық мамандар әлемнің жетекші технологиялық хабы саналатын алып шаһарға арнайы барды. Мақсат – айналасы оншақты жылда шағын балықшы ауылынан алпауыт мекенге айналып, дамудың озық үлгісін көрсеткен бірегей жобаның қыр-сырымен танысу. «Бірақ Алатау Шэньчжэньнің көшірмесі болмайды», — дейді мамандар.
Қазақстан мен Қытай арасындағы технологиялық серіктестік жаңа кезеңге өтті. Тараптар Шэньчжэнь тәжірибесін негізге алып, оны жаңа мегаполисті дамыту моделіне енгізуді көздеп отыр. Алатау қаласы болашақта толық цифрлық экожүйе ретінде дамиды. Жобада жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесі енгізіліп, қаладағы барлық бизнес және инфрақұрылым процесі цифрлық форматта жұмыс істемек.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алатау қаласы жасанды интеллектті барынша қолданады. Қаладағы барлық процестер AI-driven механизміне негізделеді. Яғни қаладағы кез келген бизнес, кез келген нысан мен жоба, ең алдымен, цифрлық форматта болады.
Сапар барысында инвестициялық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Делегацияның айтуынша, қазіргі сапар нәтижесінде шамамен 6 миллиард доллар көлемінде 24 келісімге қол қойылды. Ал алдағы кездесулерде бұл көрсеткіш артуы мүмкін.
ХУАН СЯНЬХУЭЙ, АЛАТАУ ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:
— Дамушы елдер мен қалалардың әрбір саясаткері, кәсіпкері немесе инженері әлемнің өзгергенін күтіп отырмауы керек. Істі кішігірім қадамдардан бастау қажет. Мысалы, Алатау қаласы сияқты арнайы аймақ құрып, нақты әрекетке көшу, байланыс орнату, үйрену және алған тәжірибені өзгелерге үйрету маңызды.
Тараптар логистика, цифрлық экономика және жасыл энергетика бағыттарында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Шэньчжэнь компанияларын Алатау қаласы аумағында зерттеу орталықтарын ашуға тарту мәселесі де қаралды. Сарапшылардың пікірінше, бұл әріптестік жаңа мегаполистің халықаралық технологиялық картаға шығуына жол ашуы мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.