Ең төменгі жалақы өсуі мүмкін. Қаншаға екенін үкіметтегілер тамыз айында шешеміз деп отыр. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі халықтың табысын арттырудың алдағы төрт жылға арналған жоспарын жариялады. Егер бәрі ойдағыдай болса, 2029 жылға дейін қазақстандықтардың табысы баға өсімінен озып, инфляция қарқыны 5-7 пайызға төмендейді.
Үкіметке жұрттың кірісін арттырудың жаңа жоспарын қабылдамасқа болмайды. Былтыр халықтың табысы 1,1 пайызға түсіп кеткен. «Соны алдағы төрт жылда өсіріп қана қоймай, инфляциядан асырамыз», — деп отыр Ұлттық экономика вице-министрі. Азамат Әмриннің жоспары бойынша, бірінші кезекте жалақы өседі, халықтың несие жүктемесі азайтылады, инфляциямен күрес күшейеді. «Сөйтіп, алдағы жарты жылдың ішінде инфляция қарқыны қазіргі 10,4 пайыздан 10 пайызға түседі», — дейді Ұлттық экономика вице-министрі.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Жалақыны жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға көтеруді қарастырып отырмыз. Халықтың табысын инфляция деңгейінен 2-3 пайыз жоғары етуіміз керек. Ал халықтың азық-түлікке жұмсайтын ақшасын 40 пайызға дейін түсіру жоспары бар. Қазір тұрғындар табысының 52 пайызын тамаққа жұмсайды.
Вице-министр 10 пайызға өседі деп айтып отырғаны – бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы. Ал жеке компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысы қалай болатынын сол жеке сектор басшылары шешеді. «Олар да кадрды сақтап қалу үшін жалақыны көтеруге мәжбүр болады», — дейді. Ал ең төменгі айлық қанша пайызға өсетіні екі айдан кейін айтылады.
Халықтың табысын арттыру үшін Үкімет алдағы 4 жылдың ішінде 240 мың жаңа жұмыс орнын құрмақ. Жұмыс орны көбіне қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы салаларында ашылады. Ондағы орташа жалақы 400 мың тг болады. Сарапшы Сапарбай Жобаевтың пікірінше, экономикаға ақша салуды азайтпай, республикалық бюджеттегі әлеуметтік бағдарламалардың үлесін 60 пайызға дейін жеткізбей, халықтың әл-ауқатын арттыру мүмкін емес.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, САРАПШЫ:
— Біздің үкіметіміз олигархтарға Ұлттық қордың ақшасын бөле беруді тоқтатпай жатыр. Ұлттық қордан 3-5 трлн теңгеден тастай берсек, инфляция шектелмейді, халықтың тұрмысы жақсармайды. Әрине, бай адамдардың тұрмысы жақсара береді, себебі ақша соларға кетеді, ал халықтың жағдайы нашарлайды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қағаздағы жоспардың бәрі орындалса, төрт жылдан кейін қазақстандықтар көбірек табыс тауып, азық-түлікке азырақ ақша жұмсайды. Инфляция 5-7 пайызға дейін төмендейді деген есеп бар. Алайда мұндай мақсаттар бұған дейін де бірнеше рет қойылған. Сондықтан жұртқа жоспардың өзі емес, оның нақты нәтижесі қызық.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.