Қауын-қарбызды қалай таңдаймыз?

Еліміздің оңтүстігінде қарбыз бен қауын пісе бастады. Көптен күткен жазғы маусымдық жеміс бірден тұрғындардың дастарханынан табылуда. Осы ретте мамандар нитраты аз жемісті таңдау және оны тұтыну жолын айтады.
Елімізде табиғи жағдайда қарбыздар әдетте шілде айының соңына қарай ғана толық піседі. Дегенмен заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы өнімді ертерек алуға болады. Мұндай әдістер денсаулыққа қауіп төндірмейді. Алайда қарбыз құрамында болатын нитраттар жөнінде ұмытпаған абзал. Нитраттардың өзі адам ағзасына айтарлықтай зиян келтірмегенімен, олар нитриттерге айналған жағдайда жүрек айну, құсу және іш өту сияқты белгілерді тудыруы мүмкін. Егер өнім құрамында нитрат мөлшері көп болса, уланып қалуға да болады.

ӘСЕМ ДӘУЛЕТОВА, СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Нитрат қалдықтары организмде гемоглобинмен реакцияға түскеннен кейін, метгемоглобин пайда болады. Ол организмге оттегінің түсуіне кедергі жасайды. Улану жағдайы осы кезде де болады. Улану кәдімгі тамақтан улану сияқты болады. Бірақ оттегінің организмге түсуі нашарлағаннан кейін еріннің көгеруі, құсу, іштің өтуі деген сияқты симптомдар болады.
Тұрғындар: «Қарбыздың пісіп жатқанына қуанғанымен, әлі жеуге ерте», — дейді.

Мамандар улану қаупін азайту үшін қарбызды тек ресми сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді. Өнім жердің үстінде жатпауы және тікелей күн сәулесінің астында сақталмауы тиіс. Кесілген немесе жарылған қарбыздарды сатып алмаған жөн. Сондай-ақ егер сенімді болмаса, сатушыдан өнім құрамындағы нитрат жөнінде анықтама сұрауға болады.

ӘСЕМ ДӘУЛЕТОВА, СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Өнімге және оның құрамындағы нитрат жөнінде деген анықтама қағазы болады. Тұтынушылар, сатып алушылардың барлығы қауіпсіздік үшін сол анықтаманы талап етуге деген құқығы бар.

Мамандардың айтуынша, егер қарбызды салқын жерге ұстаса, құрамындағы нитрат түседі. Бұл жемісті жылы күйінде жегеннен гөрі пайдалырақ болмақ. Ал егер қарбыз жегеннен кейін, улану белгілері байқалса, бірден дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал