Шымкентте жеңіл көлік дүкенге соғылды

Шымкентте тағы да жол апаты болды. Бұл жолы жүйткіген жеңіл көлік дүкенге соғылды. 21 жастағы жүргізуші рульге ие бола алмай қалған. Жойқын соққыдан дүкен қабырғасы қирап, екі адам ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір дәрігерлер оларды ажалдан арашалуға тырысып жатыр.
Түн тыныштығын бұзған жантүршігерлік апат. Түнгі екілер шамасында жеңіл көлік жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, дүкенге соғылған. Қатты соққыдан кейін автокөлік өртеніп, көзді ашып-жұмғанша күлге айналған. Ал жүргізуші мен оның жанында болған әйелі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жеткізілді. Келіншектің аяғы ауыр.
Жүргізушінің туыстары дүкеннің қираған бөлігін қалпына келтіріп жатыр. Барлық шығынды өтемекші. Ал полиция оқиға ізімен қылмыстық іс қозғады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері көліктің қас қағымда жанып кету себебіне анықтауға тырысуда.

НҰРДӘУЛЕТ ЕРҒАЛИ, ТЖД ЖЖБО БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Айта кету керек, автокөліктердегі жанар-жағармай материалдары, пластик және басқа да синтетикалық бөлшектердің көп болуы өрттің қарқынды дамуына әсер етіп, көліктің санаулы минуттар ішінде толықтай жалын құшағына орануына себеп болуы мүмкін.

Осы апта басында Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында да осыған ұқсас жағдай болған еді. Ішімдік ішіп алып, көлік тізгіндеген келіншек аулада отырған адамдарды қағып кетті. Оқыс оқиға салдарынан үш адам ажал құшты. Ал қабырғасы сынып, өкпесіне зақым келген сәби мен оның анасы әлі ауруханада жатыр.

СӘКЕН ТҰРЫСБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Баланың жағдайы ауыр, қалыпты. Есін біледі. Дәрігерлердің консилиумы өткізілді. Клиникалық хаттамаға сәйкес, қазір толық емдерін алып жатыр. Бала жазылғанша осы ауруханада болады.

Қазір көлік тізгіндеген әйел тұтқынға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі көрінеді. Полиция дерегінше, 52 жастағы әйел адам жол апатына ұшыраған соң, оқиға орнынан қашып кетпек болған. Енді кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал