СҚО-да ауыл тұрғындары радиацияға толы су ішіп келген

Солтүстік Қазақстан облысының Сухорабовка және Ольгинка ауылдарының тұрғындары күні бүгінге дейін лайланған құдықтың радиацияға толы суын тасып ішіп келген. Басқа амалы жоқ еді. Енді екі елдімекен таза әрі тұнық тіршілік нәрін тұтына бастады. Таза ауызсу жобасына бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, орталықтандырылған құбырға қосылды.
Шал ақын ауданына қарасты Ольгинка ауылының тұрғындары судың да сұрауы бар екенін жақсы түсінеді. Өйткені олар соңғы жылдары амалдың жоқтығынан тіршілік нәрін құдықтан тасып, тұтынуға мәжбүр болған. Ал оның сапасы сын көтермейтін. Халықтың көптен күткен арманы орындалып, өркениет игілігіне қол жеткізді.

ЕЛЕНА СЕЛИВЁРСТОВА, ОЛЬГИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ерте кездері колонка болған. Артынша тоқырау жылдары ол істен шыққан соң, құдық қазып берді. Әсіресе қыста боранды күндері шанамен су тасып әбден қиналдық. Ал оны тек қайнатып іштік. Себебі соңғы кездері оның құрамынан радиация анықталды. Дегенмен көп ұзамай міне біздің елге де таза су жетті.

Сухорабовка мен Ольгинка ауылы халқы тұтынып келген судың радиациялық көрсеткіштері жоғары екенін тексерген мамандар дәлелдеді. Артынша мұндағы құдықтар консервацияланды. Қазынадан 1 миллиардтан астам теңге бөлініп, қос елді мекен Көкшетау топтық құбырына қосылып, орталықтандырылған су жүйесімен қамтылды.
АЛЕКСАНДР ЕРЕЖЕПОВ, ОЛЬГИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көрші Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында бұрын уран өндірісі болған. Қазір ол шахталар қараусыз қалды. Жер асты сулары бір-бірімен байланысты ғой. Мына құдықтардан алынған судың түбіне бір тәуліктен кейін сары-қызғылт түсті тұнба пайда болады.

Бүгінде аймақта 590 ауыл бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен олардың барлығы тіршілік нәрімен қамтылды. Жауаптылардың сөзінше, енді инфрақұрылымдар жаңартылады.

БЕРІК ТӨРЕБЕКОВ, ЭТКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Тозығы жеткен құбырлар 39 пайызды құрайды. Енді осы мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ағымдағы жылға келетін болсақ, қолданыстағы сумен жабдықтау объектілерін жаңарту бойынша 17 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол жобаларға 3,6 млрд теңге қаражат қарастырылған.

Өңірдегі ауылдар сумен қамтылса да, мәселе әлі өткір. Сондықтан мамандар оны кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал