Гонконг Алатау қаласына қызығушылық танытып отыр

Гонконг Қазақстанның жаңа инвестициялық жобасына қызығушылық танытып отыр. Үкімет делегациясы Азиядағы ең ірі қаржы орталықтарының бірінде Алатау қаласының мүмкіндіктерін таныстырды. Арнайы ұйымдастырылған Alatau City Roadshow инвестициялық форумына халықаралық қаржы ұйымдары, технологиялық компаниялар мен ірі инвестициялық қорлардың өкілдері қатысты.
Алатау қаласына шетелдік инвесторларды тарту. Қытайдың Гонконг арнайы әкімшілік ауданында өткен кездесудің мақсаты сол. Сапар барысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және қаржы, технология, инновация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Ал инвестициялық дөңгелек үстелде халықаралық бизнес өкілдеріне Алатау қаласының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Әсіресе арнайы құқықтық режимге ерекше назар аударылған.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қауымдастығына таныстыру біз үшін аса маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет арнайы құқықтық режимі бар қала құрылып жатыр. Оның негізінде түсінікті ережелер, инвесторлардың құқықтарын қорғау және халықаралық реттеудің озық стандарттары жатыр. Бұл тәсілдер көп жағдайда Гонконг тәжірибесімен үндес.

Өз кезегінде Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін айтып, екі тараптың бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға қолдау білдірді.

ДЖОН ЛИ, ГОНКОНГ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Қазақстан экономикасы 6,5 пайыздық тұрақты өсім көрсетіп отыр, ал 2030 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі еселеу міндеті қойылған. Мен елдің қарқынды дамуына және іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейіне көз жеткіздім. Жүргізіліп жатқан реформалар, ашықтық пен инвесторларға қолайлы жағдай одан әрі ынтымақтастықты дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер қалыптастырып отыр. Біз осы оң серпінді серіктестік байланыстарды нығайту үшін пайдалануға ұмтыламыз.

Форум қорытындысында бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды. Алатау қаласының жобаларына әлемдегі ірі финтех компаниялардың бірі ANT Digital Technologies қызығушылық танытты. Компания құрамына танымал Alipay цифрлық төлем жүйесі кіреді. Сонымен бірге блокчейн технологиялары мен цифрлық активтерді дамытуға маманданған Solana Foundation ұйымы да жобаның бастапқы кезеңіне қатысуға ниет білдірді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай келісімдер Қазақстанға тек капитал ғана емес, заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені де тартуға мүмкіндік береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал