Қазақ-қытай туризмі түрленеді

Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Астанада Цзянсу өлкесінің ұлттық-мәдени ерекшелігі мен туристік әлеуетіне арналған орталық ашылды. Жиналған жұрт дәстүрлі шай ұсыну рәсімін тамашалап, ағаш өңдеу және қолөнер шеберлерінің жұмыстарымен таныса алады. Жаңа алаңның ашылу салтанатына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері де қатысты. Тараптар саяхат саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мамандардың айтуынша, бұл бастама екі елге де турист легін арттырады. Жиын барысында Қазақстан мен Қытайдың инвестициялық әлеуеті дәріптеліп, көңілге қонымды ұсыныстар айтылды. Көрші ел кәсіпкерлері болашақта гуманитарлық, сауда-экономикалық және өндірістік бағытта әріптестікті артыруға ниетті екенін жеткізді.

ЮЭ ЛЯН, «SUHAO CULTURE GROUP» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
– Біз Цзянсу өлкесінің бай мәдени мұрасы мен құндылықтарын Астана тұрғындарына таныстыруды мақсат еттік. Қазақстандық азаматтар Қытай мәдениетінің ерекшелігін жақынырақ танып, екі ел арасындағы достық одан әрі нығая түседі деп сенеміз.

СЮЙ ЦЗЯВЭНЬ, ТУРИЗМ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Бұл көрмені ұйымдастыру жұмыстары былтыр басталды. Қазақстанмен туристік байланысты кеңейтуге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Алдағы уақытта жаңа туристік бағыттарды дамыту, қонақүй инфрақұрылымын жетілдіру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұл екі ел экономикасына да оң әсерін береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал