AMANAT партиясы «Әділетке» қосылды. Кеше жаңа партияның екінші съезі өтіп, жаңа мақсат айқындалды. Саяси ұйым ғимаратында жаңа атау ілінді. Осылайша тарих қойнауына кеткен ұйымды басқарған Ерлан Қошановқа Мемлекет басшысы алғыс айтып, партия мүшелерінің жаңа саяси ұйымға бірігу туралы шешімін қолдайтынын жеткізді. Ал «Ақ жол» партиясында көпжылдық төраға Азат Перуашев қызметінен кетіп, оның орнына Дания Еспаева сайланды. Партия қызметіндегі саяси серпіліс жайлы сарапшылар пікірін ұсынамыз.
Енді AMANAT партиясы саясат сахнасында дербес ұйым ретінде жұмысын тоқтатты. Өткен жұмада өткен партияның XXVI съезінде делегаттар саяси ұйымды «Әділет» партиясымен біріктіру туралы шешімді қолдады. Партия төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, бүгінгі таңда қоғам сұранысына сай жаңа форматтағы саяси жұмыс қажет.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ТӨРАҒАСЫ:
— Жуырда Президент еліміздің тұрақты даму жолына түскенін айтты. Бұл ел өміріндегі ауқымды өзгерістер кезеңінің аяқталғанын білдіреді. Мемлекет басшысы бірлік пен ынтымақтың маңызын атап өткен кезде, біз де өз тарихымыздың жаңа парағын ашуға батылдық танытуымыз керек. Біздің партия әрдайым «Өзгеріс өзімізден басталады» деген қағиданы ұстанып келеді. Сондықтан бүгін де уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай қадам жасауымыз қажет.
Ал кеше Астанада «Әділет» партиясының II съезі өтті. Жиында партияның алдағы қызметінің басым бағыттары талқыланып, жаңа саяси ұйымның мақсаты мен міндеттері нақтыланды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай қазіргі сын-қатерлер нақты нәтиже беретін саяси шешімдер мен қоғаммен ашық диалогты талап ететінін айтты.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— «ӘДІЛЕТ» партиясына AMANAT-тың қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Ел мүддесі үшін біріге алатынымыздың нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам. Біз азаматтардың сенімін ақтауға, әділдікті мемлекеттік жүйе мен дамудың тұғырына, қажет десеңіздер ұлттық болмысқа айналдыруға тиіспіз.
«Әділет» партиясы биыл мамыр айында құрылып, маусымда Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Енді оның филиалдары елдің барлық өңірінде ашылады. Партия өкілдерінің айтуынша, жаңа ұйым азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне біріктіруге бағытталған.
БӨРІХАН НҰРМҰХАМЕДОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
— Алдымызда үлкен міндет тұр. Ол – «Әділет» партиясын ұлттық деңгейде жұмыс істей алатын мықты заманауи әрі ықпалды саяси институт ретінде қалыптастыру. Сондықтан партияны ұйымдастыру жұмысын толық аяқтап, тиімді басқа жүйесін құруымыз қажет. Орталық органдар, өңірлік филиалдар және жергілікті ұйымдар бір бағытта өзара тиімді жұмыс істеуге тиіс.
Сарапшылар бұл өзгерісті елдегі партиялық жүйенің жаңғыруымен байланыстырады. Олардың пікірінше, жаңа саяси ұйымның құрылуы партиялық алаңды қайта форматтауға және қоғамдық сұранысқа бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұрынғы AMANAT мүшелерінің бір бөлігі жаңа партияның басқарушы құрылымдарынан орын алуы мүмкін.
ҒАЗИЗ ӘБІШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Бұл шешім биліктің партиялық жүйені жаңғыртуға бағытталғанын көрсетеді. Егер мақсат тек атауды өзгерту болса, бұрынғы құрылымды сақтауға болатын еді. Алайда жаңа партия құру арқылы саяси алаңды қайта қалыптастыруға талпыныс байқалады. Сонымен қатар бұрынғы AMANAT құрамында тәжірибелі саясаткерлер мен депутаттар бар. Сондықтан олардың бір бөлігі «Әділет» партиясының негізгі тұлғалары қатарынан көрінуі әбден мүмкін. Бірақ нақты кімдердің жетекші орындарға келетіні партия басшылығының шешіміне байланысты.
Сонымен бүгін AMANAT партиясының орталық аппараты орналасқан ғимараттың атауы «Әділет» болып өзгертілді. «Ақ жол» партиясында да кадрлық ауыс-түйіс болды. Жақында өткен съезде партияны 15 жылдай басқарған Азат Перуашев қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның орнына Мәжіліс депутаты Дания Еспаева сайланды. Осылайша, елдегі саяси партиялар жаңа кезеңге қадам басып, алдағы саяси науқанға дайындықты күшейтіп жатқанға ұқсайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.