Әл-Фарабидегі апат: марқұмның әкесі кешірім бермейді

Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған, үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта айыпталушы алғаш рет жауап берді. Ол өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін және заңға сәйкес жазасын өтеуге дайын екенін айтты. Айыпталушының сөзінше, соқтығысқа аз уақыт қалғанда көліктің панелінде ескерту белгілері жанған. Кейін электромобиль басқаруға көнбей қалған. Ол апаттың алдын алуға тырысқанын, бірақ көлік ырыққа көнбегенін айтты. Іс бойынша жәбірленушілер Пакты кешірген. Олардың адвокаты: «Бұл шешім моральдық тұрғыдан қабылданғанын және әлеуметтік желіде тараған ірі көлемдегі өтемақы туралы ақпаратпен байланысты емес»,- деп отыр. Дегенмен марқұмның бірінің анасы кешіргенімен, әкесі қарсылық білдіріп, сотқа арыз жазған.
МЕЙІРМАН ШЕКЕЕВ, АДВОКАТ:
— Заң бойынша негізі ол кісіні жәбірленуші деп тануға еш кедергі жоқ. Біз бүгін ол кісіні жәбірленуші деп тану туралы өтініш хат түсіреміз. Егер сот өтініш хатымызды қанағаттандырса, біз оны қорғай бастаймыз. Әкесі Пактың жазасын алуын қалап отыр.
Қайғылы оқиға наурыздың 21-іне қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан, Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі және оның екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыз балалар – оқиға орнында көз жұмды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал