Түркістан облысында ауыр жүк көлік жүргізушілері шу шығарды. Олар елді мекен ішімен жүретін жолды әкімдік бөгеді деп шағымданып отыр. Сөздерінше, билік өкілдері заңсыз жол белгісін орнатқан, ал полиция соған сүйеніп жүргізушілерге айыппұл салып отыр.
Бұл – жүк көліктерінің жүруіне кедергі жасап жатқан Ақбұлақ ауылының тұрғындары. Жүргізушілердің сөзінше, бұл жағдай біраз уақыттан бері болып жатыр. Олар ауыр автокөліктерге тас лақтырып, жолға шығып кедергі келтіретін көрінеді. Салдарынан 30-ға жуық ауыр жүк көлігінің жұмысы тоқтап тұр. Мезгілсіз келеңсіздікке себеп – елді мекенге кіреберістегі жол белгісі. «Бір апта бұрын қойылған белгі заңсыз орнатылды», — дейді жүргізушілер.
ШАХРУХ ШАИНУСОВ, ЖҮК КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
-Біз заң аясында жүріп жатырмыз. Жүгіміз аз, барлығы заң талаптарына сәйкес, құжаттарымыз түгел. Қарамұрт, Қорғаншы, Ақсудан өтіп жатырмыз, ешкім әңгімей айтпайды, себебі біз заң аяснда жүріп жатырмыз. Тек осы Ақбұлақтан кіргізбей жатыр. Адамдары жолға шығып, тас лақтырады, машинамен қысып тоқтатады.
«Заңсыз белгіден өтсек, полиция айыппұл салады» — дейді жүргізушлер. Ал елді мекен ішінен басқа өтетін жол жоқ. «Облыстық маңызы бар жолдан заңсыз өткізбей отыр», — деп шағымданады олар. Ал ауыл сыртындағы уақытша айналма жол жүруге жарамсыз. Жүргізушілер: «Тапқан табысымыз көлік жөндеу мен айыппұлдан артылмайды», — деп налып отыр.
ЖАҺАНГЕР АМАНТАЕВ, ЖҮК КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
— Егер бұл Үкіметтің балансындағы жол болса, жақсылап ремонтын жасап, асфалтын төсеп беруі керек. Мына жерге «жүк көлігіне тыйым салынады, айналма жол бар» деген қосымша белгі қоюы керек. Ақбұлақ ауылының әкімі кәсіпкерлер мен жүргізушілерге: «Жолды өздеріңіз салып алыңыздар», — деп айтты. Біздің мойнымызғы жүктеп жатыр. Біз не себепті өз қалтамыздан жөндеуіміз керек?
Жай ғана сыммен байланған жол белгісінің заңды-заңсыз орнатылғанын білу үшін жауаптыларға хабарластық.
НҰРБОЛ ҚУАНЫШБЕКОВ, САЙРАМ АПБ ӘПБ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Заңды, берілген талап хат пен ұйғарым негізінде «Оңтүстік жолдар» мемлекеттік мекемесімен екі белгі орнатылған.
«Белгінің стандартқа сай екенін анықтау үшін тиісті орындарға енді ғана өтінім бердік», — дейді жауаптылар. Ал осы аралықта елді мекенге өткен жүк көліктеріне айыппұл салынып үлгерген.
Ал ауыл әкімі болса, мәселе шешілмейтінін ашып айтты.
НҰРЛЫБЕК СӘРСЕНБИЕВ, АҚБҰЛАҚ АУЫЛ ОКРУГІ ӘКІМІ:
— Ақбұлақ ауылында 2021 жылы құзырлы орган басшыларымен, ауыл тұрғындарымен келісе отырып, аудан әкімімен айналма жол салынған. Үкімет балансында жоқ, бірақ ауыр жүк көліктері үшін салынып берілген. Жүруге ыңғайлы.
Жергілікті биліктен үмітін үзген жүргізушілер енді Президентке шағымданбақшы. «Өйткені мәселені тыңдап, үнімізге құлақ асатын билік жоқ», — дейді олар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.