Қызылордада 18 жастағы жігіт жарымжан болып қалды. Оның екі аяғын аттракцион жаншып жіберген. Оқиға қала орталығындағы демалыс орындарының бірінде болды. Қазір жігіттің жағдайы қалай?
Оқыс оқиға кешкілік қаладағы жекеменшік паркте болды. Зардап шеккен жігіт екі жылдан бері сонда оператор болып жұмыс істеген екен. Алдын ала мәлімет бойынша, бастапқыда аттракцион ішінде кішкентай бала жылаған. Жас жігіт соған көмектеспек болып қауіпсіздік аймағынан өткен.
18 жастағы қала тұрғыны дер кезінде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның келгендегі жағдайы тым ауыр болғанын айтады. Қазір жансақтау бөлімінде ем алуда. Көп қан жоғалтқан жігітке күрделі операция жасалған.
ЖАСҰЛАН БАЙМАХАНОВ, КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Сол жақ сан бөлігінің 3/1 деңгейіндегі ампутациясы, сол аяқтық тобықтың деңгейіндегі ампутациясы. Қазіргі жағдайы өте ауыр. Реанимацияда қарқынды емін алып жатыр.
Оқыс оқиғадан кейін кешеннің аттракциондар орналасқан бөлігі жұмысын уақытша тоқтатты. Полиция қылмыстық іс қозғады.
ӘДІЛ АНАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— «Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» дегені бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта аталған іс аясында болған оқиғаның мән-жайларын жанжақты толық және объективті анықтауға бағыттаған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша заңнама талаптарына сәйкес процесуалдық шешім қабылданатын болады.
Ауыр жарақат салдарынан жігіт бір сәтте қос аяғынан айырылып жарымжан болып қалды. Ал парк басшыларымен тілдесіп, қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.