Швейцариялық вагондар елге қашан жеткізіледі?

Ескі вагондарға қатысты ел тұрғындарының өкпе-реніші азаяр емес. Мәселе Үкіметтің кезекті отырысында тағы көтерілді. Үкімет басшысы Өнеркәсіп министрлігі мен ҚТЖ басшысына Stadler вагондарын жеткізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Швейцариялық пойыз қашан жолаушы тасиды?
Көне вагондармен қатынап шаршадық дейтін жолаушылардың шағымы толастар емес. Домалақ арыздар Үкімет басшысының кеңсесіне де жеткен. Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысына вагондарды тез арада жаңартуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Жолаушылар тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты шағымдар келіп түсуде. Stadler компаниясының жаңа вагондарын жеткізуді бұдан әрі кешіктіруге болмайды. Өнеркәсіп министрлігі «Қазақстан темір жолы» және Stadler компанияларымен бірге техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылар вагондарын барынша қысқа мерзімде жеткізуі қажет. Осы жылдың соңына дейін жаңа 215 локомотив пен 1,5 мыңға жуық жүк вагондары мен жолаушылар вагондары теміржол желісіне шығуға тиіс.

Stadler вагондары жолаушы тасымалдайды деген әңгіме екі жылдан бері айтылып жүр. Бірақ, швейцариялық пойыздар әлі күнге дейін рельске қойылған жоқ. «Жүргізілген сынақ кезінде вагонның тежегішінде шикілік шықты, ақау жойылмайынша, қабылдамаймыз», — дейді «Қазақстан темір жолы» басшылығы. Ал заманында тұлпардай жүйткіген Тальго пойыздары неге баяулап қалғанын компания өкілі түсіндірді.

ӘНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Пойыздардың саны көбейді. Жүк тасымалы, жолаушылар саны көбейгеннен кейін инфрақұрылымға әсері өте үлкен. Сондықтан біз кейбір пойыздардың жылдамдығын үлкейтуге мәжбүр болдық. Бұрын Тальго пойыздар көп болмады, сондықтан олар арнайы приоритетте жүрді. Тальго жүргенде басқа пойзыдар тұратын. Қазір инфрақұрылым шектеулі болғандықтан, Тальго пойызына жол ашып беруге мүмкіншілігіміз жоқ.

Діттіген жеріне жеткенше 20-30 сағат уақытын пойызда өткізетін жолаушылар үшін ҚТЖ интернет мәселесін шешіп бермек. «Жаздың соңына дейін ұлттық компанияның бірнеше бағыттағы пойызында спутниктік интернет ұстайтын болады», деді ҚТЖ өкілі.
ӘНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір Нұрлы-жол – Семей бағытына қатынайтын пойыз толықтай интернетпен қамтамасыз етілген. Алматы – Павлодар, Павлодар – Түркістан, Нұрлы жол – Атырау және басқа да бірқатар құрамдарға спутниктік интернет терминалын орнату жұмысы жүріп жатыр. Негізінен жолаушылар ағыны көп пойыздарға интернет жүргіземіз. Жоспар бойынша, жаздың соңына дейін пойыздарда интернет пайда болады.

Елде вокзалдар жаппай жөнделіп жатыр. Үкімет басшысы: «Олардың уақытында ашылғанына әкімдер жауапты», — деді. Аймақ басшылары апта сайын вокзалға барып, жөндеу барысын тексеруі керек.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қазір ел бойынша 124 вокзалдың күйі Астана-1 вокзалындағыдай күйде, қираған, жан-жағы қоршалған, жұмыс істемей тұр. Өйткені күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бірқатарында жөндеу аяқталып қалды. Жаңарған 30 вокзал жоспар бойынша екі аптадан кейін, яғни 1 шілдеде жолаушы қабылдауы тиіс. Қалғаны 1 қазанда ашылады. Ал Астана, Алматы және Түркістан вокзалдарын жөндеу әзір бітпейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал