СҚО-да төрт түлік белгісіз ауруға шалдыға бастады

Еліміздің солтүстігіндегі Ильинка ауылының тұрғындары малды қорада ұстауға мәжбүр. Төрт түлік белгісіз ауруға шалдыға бастаған. Мал иелерінің айтуынша, ірі қараның ауыз қуысында бөртпе пайда болған. Сілекейі көпіріп, күйіс қайырмайды. Тұяқты арып кеткен. Бұл індет қаншалықты қауіпті?
Сергей Саратовцев – мал асырап, жан бағып отырған азаматтардың бірі. Амалдың жоқтығынан 7 бас ірі қараны өріске айдамай, қамауда ұстап отыр. Себебі ауылдағы төрт түлік бірінен соң бірі белгісіз індетке шалдыққан соң, ветеринарлар жайылымға шығаруға уақытша тыйым салған.

СЕРГЕЙ САРАТОВЦЕВ, ИЛЬИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Сиырлар көк шөпке үйренген ғой. Дегенмен қазір қорада тұр. Алғашында 2-3 күн бойы мүлдем оттамады. Ал сүтті төгіп тастаймыз. Бұзауға беруге қорқамыз, бұл инфекция ғой. Ертең оларға да жұғуы мүмкін. Мал дәрігерлері келіп көрді. Бірақ нақты не індет екенін айтпай отыр.

Инфекция Есіл өзенінің арғы бетіндегі ауылдардан тарай бастаған. Әрі уақыт өткен сайын дендеп барады. Абдырап қалған тұрғындар, қазір сүт-майды сатып алуға мәжбүр.

ЕЛАМАН ҚҰРМАНОВ, ИЛЬИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Сүт саумаған соң, май-қаймақ қайдан болсын?! Сүтті дүкеннен алдық. Аузы көпіріп, сілекейі ағып, кейбіреулері аяқтарын баса алмай қалады. Жата береді, тамақ жей алмайды. Біздікі ауырған жоқ. Сонда да мен профилактика өткіздім.
ЖАНБОТА АҚЫЛ, ИЛЬИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Аузын аштықта оны фурациллин, марганцовкамен, сосын тұзбен шайдық. Сосын чесноктың бір головкасын езіп, кесеге салып тұз салдық. Бала ұстап тұрды. Кейін ауызына лақтырдық. Тфу, содан кейін оттады ғой. Маса-шыбын, су, жел, далада жүреді. Ауру соның біреуімен келді.

Жауаптылардың айтуынша, елді мекенде 60-қа тарта ірі қара ауруға шалдыққан. Бастысы, кеселдің кесірінен өлген мал жоқ.

АМАНБОЛАТ ЖЕТЕКЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ВС БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:
— Бұл аусыл ауруы емес екенін нақты айта аламыз. Себебі малда температура жоқ. Бір апта бұрын қан сынамалары алынып, зертханада тексеріс жүргізілді. Алдын ала қойылған диагноз – стоматит. Бұл кесел жануарлар арасында жұқпалы. Алайда адамға еш зиян емес.

Мамандар аса қауіп жоқ дегенімен күні төрт түлікке қараған тұрғындар әлі алаңдаулы. Себебі дәл осындай ауру енді көрші Александровка ауылындағы төрт түліктен анықталып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал