Оралда тұруға жарамсыз баспаналардың саны артып барады

Оралда апатты деп танылған көп қабатты 61 үй бар. Бұдан бөлек, тағы да 216 үйдің әбден тозығы жеткен. Шаһарда тұруға жарамсыз баспаналардың саны жыл санап артып барады. Олардың алды 2 ғасыр бұрын салынған. Соңғы жылдары небәрі 34 апатты үй сүрілген.
Надежда Фофонова – Некрасов көшесі 8-ші үйдің байырғы тұрғыны. Кейуанадан бөлек тағы да он шақты отбасы осы жерді қоныстанып отыр. 1870 жылы салынған үйдің ірге тасы да жоқ. Тұрғындарды титықтатқан тозығы жеткен үй апатты деп танылды. Енді сүрілмек.
НАДЕЖДА ФОФОНОВА – ТҰРҒЫН:
— Үйдің жағдайы өте нашар. Бәрі үгітіліп, құлап жатыр. Өзімнің осы жерде тұрып жатырғаныма 70 жыл болды. Әкімдік үйді сүреміз деп уәде берді. Күтіп жүрміз. Осы маңнан жаңа үй салып, соған көшіретін болды. Қазіргі күні үйімізге жөндеу жүргізу мүмкін емес. Жағып, жапсырғанымыз текке кетіп жатыр. Себебі әбден тозығы жеткен.

Кей тұрғындар үйлері сүріліп, орнына жаңа баспана алуға үмітті. Ал енді біреулері әлі күнге шарасыздың күнін кешуде. Қаланың басты даңғылы бойындағы бұл үй – соның дәлелі. Мына құлағалы тұрған кірпіш тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Үй деп айтудың өзі қисынсыз. Жауаптылар келіп, көріп кеткендері болмаса, әзірге нақты шешім жоқ. Қос қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған құрылыс өз заманында ат қорасы болған. 21 ғасырда баспананың міндетін атқарып тұр.
Апатты үйлерден арылудың жалғыз жолы – реновация бағдарламасы. Күні бүгін 34 үй сүріліп, орнына 20 көп қабатты үй бой көтерген. 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алайда қалада тозығы жеткен үй саны күн санап көбейіп келеді. Ал оларды апатты деп тану үшін арнайы шешім қабылдануы керек.

ӘДІЛБЕК ӨТЕҒАЛИЕВ, ТҰҚО БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жылдан-жылға үйлер тозады. Апатты болып танылуы үшін техникалық қорытынды алу керек. Техникалық қорытындының шешімімен апатты болып танылады. Ескі үйлерге тұрғындар да жөндеу жұмыстарын жүргізбейді. Төбелерінен су ағады, қабырғалары жарылады. Содан ескіре береді. Заң бойынша күтіп ұстау тұрғындардың мойнында.

Қала бойынша тек 3 мердігер ғана апатты үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуды қолға алған. Бұл қарқынмен шаһардағы апатты үйлердің қашан толық жойылатыны белгісіз. Ал тозығы жеткен үй тұрғындарына күтуден басқа амал жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал